ЖАЙДАРМАННЫҢ ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛЫ ӨТТІ

ЖАЙДАРМАННЫҢ ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛЫ ӨТТІ

Абай университетінде факультетаралық «Жайдарман» ойындарының жартылай финалдық тартысты ойыны өтті. Көңілді тапқырлар алаңында бақ сынасқан командалар көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Алты команда арасынан үздіктер анықталып, ақтық сынға жолдама алды.

Қазан айының бел ортасында басталған маусымдық «Жайдарман» ойындары – студенттердің интеллектуалдық дағдыларын шыңдап, тапқырлығын арттырады. Жастар арасында таланттарды анықтап, ұжымдық достық пен ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған әзіл алаңы – білім алушылар асыға күтетін іс-шараның бірі. «Жайдарманның» жартылай финалындағы үздіктерді тамашалауға жиналған жастардың да қарасы қалың. Ал, ақтық сынға жолдама алатын кезең болғандықтан ойыншылар қалжың бәйгесіне тас-түйін дайын келген.

Білім ордасының белсенді студенттерінен құралған командалар қағытпа қалжыңмен бәсекелесті. Атап айтқанда, Математика және физика мен Жаратылыстану және география факультетінің намысын «Достық 13» командасы қорғаса, Әлем тілдері факультетінен «Агуша», Педагогика және психология факультетінің атынан «Сен сұлу» құрамасы көңілді ойын көрсетті. Ал Өнер факультетінің студенттерінің командасы «Көшедегілер» өзіндік стилімен ерекшеленсе, тіл-әдебиет бағытында білім алушылар  «Кабирхан» атауымен сахнаға көтерілді. Сондай-ақ Абай университеті студенттерінің еркін құрамасы «Абай болайық» көрермен мен қазылар алқасының ықыласына бөленді.

Жартылай финалдағы ойынға жан-жақты сарапшылардан құралған әділқазылар алқасы баға берді.  Оның қатарында университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақау, республикалық «Жайдарманның» 2022 жылғы чемпиондары Медет Жаңабай мен Манас Жарылқасын бар. Сондай-ақ Satbayev University Жайдарман қозғалысының жетекшісі Ардақ Бекенов пен Әлеуметтік және жастар саясаты департаментінің директоры Нұрболат Манапбаев әзілкештер тапқырлығына баға берді.

Әзіл бәйгесі «Сәлемдесу» және «Биатлон» кезеңдері бойынша өткізілді. Сайыс қорытындысы бойынша ұшқыр ой мен әзілдің үйлесімін көрсете білген төрт команда ақтық сынға жолдама алды. Олар «Агуша», «Көшедегілер», «Кабирхан» және «Абай болайық» командалары. Ақтық сын 13-22 қараша аралығында өтетін «Күзгі студенттік апталық» аясында өтпек.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту