УНИВЕСИТЕТ ҒАЛЫМДАРЫ ТОРҒАЙ ӨҢІРІНДЕ ҒЫЛЫМИ ЭКСПЕДИЦИЯ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

УНИВЕСИТЕТ ҒАЛЫМДАРЫ ТОРҒАЙ ӨҢІРІНДЕ ҒЫЛЫМИ ЭКСПЕДИЦИЯ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Ұлт-азаттық көтерілістің 110 жылдығына орай, 6-8 қараша күндері Абай университетінің «Айтылған тарих» ғылыми қызметкерлері Арқалық қаласы мен Әбдіғапар хан ауылына арнайы ғылыми-зерттеу экспедициясын өткізді. Ғылыми сапардың басты мақсаты – өңірдегі тарихи оқиғалардың тың деректерін жинақтап, жұртшылыққа насихаттау. 

Экспедицияның алғашқы күні «Айтылған тарих» ғылыми орталық зерттеушілері Забира Мырзатаева мен Раушан Мирзакулова қалалық кітапханада тарихи-танымдық кездесуде болды. Жиында ғалымдар Батпаққарадағы 1916 жылғы және 1929–1931 жылдардағы көтерілістердің сабақтастығы туралы баяндама жасады. Сондай-ақ аталған өңір сарбаздарының 1930 жылғы Қарақұм көтерілісшілерімен бас қосқан ірі шайқасы жайлы бұған дейін жарияланбаған архивтік құжаттар негізінде құнды деректермен бөлісті. 

Алматыдан ат терлетіп барған ғалымдармен кездесуге Арқалық қаласы әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов, облыстық №2 әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Сәуле Алматова, өлкетанушы Шөптібай Байділдәұлы арнайы қатысып, өңір тарихына қатысты қолда бар деректерін ортаға салды. Арқалық педагогикалық университеті Тарих және өнер факультетінің деканы Гүлбаршын Конкина, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров және Әбдіғапар Жанбосынұлының ұрпағы Раушан Әбішева зерттеушілердің экспедиция жұмысына қолдау білдіріп, сәттілік тіледі. 

Сапардың екінші күнінде Торғайдағы Қараторғай елді мекеніндегі Әбдіғапар хан ауылына зерттеушілер арнайы ат басын бұрып, тарихи тұлға кесенесінде барды. Одан кейін ауыл мектебінің оқушыларымен өткен «Туған жер тарихына саяхат: Торғай – 1916» атты ашық сабаққа қатысты. Оған ауыл әкімі Мереке Карин мен ұстаздар қауымы қатысып, жас ұрпақтың тарихи жадын қалыптастыруға бағытталған игі іске өз ризашылықтарын білдірді. 

Еске сала кетейік,  Абай университетінде 2025 жылдың қазан айында «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығының «Әбдіғапар хан Жанбосынұлы және оның әулеті: азаттық үшін күресте өткен өмір 1916-1931 жж.»  монографиясы жарық көрген болатын. Бұл – Торғай, Ырғыз, Батпаққара және Қарақұм ұлт-азаттық күрестерінің тарихына байланысты тың деректерге құрылған ғылыми еңбек. 

                                                                                                                                                                                                                                                                                          «Abai University» медиа орталығы 

Артқа қайту