10.11.2026
ФРАНЦИЯЛЫҚ КОМПАНИЯЛАРДЫҢ БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТЕДІ
2026 жылы 13 қарашада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде студенттер мен түлектерге арналған француз және халықаралық компаниялардың бос орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Іс-шара жастарға жаһандық еңбек нарығындағы мүмкіндіктермен танысып, кәсіби мансабын бастауға жол ашады.
Жұмыс жәрмеңкесі – студенттер мен жас мамандарға француз және халықаралық компаниялармен тікелей байланыс орнатып, тағылымдамадан өтуге және жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қатысушылар жұмыс берушілердің талаптарымен танысып, кәсіби бағдар алып, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы біле алады.
Іс-шара бағдарламасы аясында жетекші компаниялардың қызметі мен бос жұмыс орындарының таныстырылымы, жұмыс берушілердің талаптарына арналған конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізіледі. Сондай-ақ жұмысқа орналасуға өтініш беру, түйіндеме әзірлеу және жұмыс берушімен сұхбаттасу бойынша кеңестер ұсынылады. Жәрмеңке аясында ағылшын, француз, орыс және қазақ тілдерінде сынақ сұхбаты болады. Бұл өз кезегінде жастардың тілдік және коммуникативтік дағдыларын жетілдіріп, халықаралық компаниялардағы жұмыс сұхбаттарына дайындалуға ықпал етпек.
Жәрмеңкеге ALSTOM, Schneider Electric, Bonduelle, Legrand, Air Astana, L’Oréal, Novotel және басқа да танымал компаниялар қатысады. Іс-шараны ұйымдастырушылар қатарында Францияның Қазақстандағы Елшілігі, Сорбонна-Қазақстан институты мен Қазақстандағы Alliance Française ұйымы қолдау көрсетеді.
Бұдан бөлек, жәрмеңкеге қатысушылар арасында Turkish Airlines әуе компаниясының Париж – Алматы – Париж бағыты бойынша әуе билеті ұтысқа түседі.
Өтетін күні: 13 қараша, 2026 жыл
Уақыты: 10:00-17:00
Өтетін орны: Алматы қаласы, Абай атындағы ҚазҰПУ, Сорбонна-Қазақстан институты, Қазыбек би көшесі, 28.