ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР МЕН ЖАҢА МІНДЕТТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР МЕН ЖАҢА МІНДЕТТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілептің оқытушы-профессорлар құрамы және қызметкерлерімен кездесуі жалғасуда. Кезекті жиын Сорбонна-Қазақстан институты мен Лотарингия университеті филиалының ұжымымен өтті. Онда университеттің бүгінгі тынысы мен алдағы даму мәселелері қозғалды.

Биыл Абай атындағы ҚазҰПУ-дың жанындағы Сорбонна-Қазақстан институты бір мүшел белесін аттады. Институт құрылғалы бері студенттерге еуропалық жоғары білім беру жүйесінің озық тәжірибесін енгізіп, халықаралық академиялық ортада кәсіби біліктілігін жетілдіруге ықпал етіп келеді. Қазіргі таңда институт қабырғасында 21 білім беру бағдарламасы бойынша 1300-ден астам студент білім алып жатыр. Сонымен қатар Францияның жоғары оқу орындарымен бірлескен үш қос дипломды бағдарлама іске асырылуда. Шетелдік серіктестер қатарында Лотарингия, Пуатье университеттері және INALCO институты бар.

Кездесуде Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сабитова білім ордасының қазіргі ахуалын, атқарылып жатқан жұмыстарын және алдағы даму бағыттарын баяндады. Алдағы уақытта халықаралық ынтымақтастықты кеңейту сынды бірқатар ұсыныстарды да ортаға салды. Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Анапияұлы айтылған ұсыныстарды қолдап, жоспарлы нақты міндеттерді айқындап, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.

Оқу орнының халықаралық серіктестігін одан әрі нығайтуға және студенттерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған мәселелер де назардан тыс қалмады. Еуропа елдерімен ынтымақтастық аясында білім алушылар мен оқытушы-профессорлар құрамының академиялық алмасуын арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты тереңдететін қосдипломды білім беру бағдарламаларының санын да арттыру жоспарланды.

Айта кетейік, екі университет дипломын қатар алуға мүмкіндік беретін бағдарламалар Қазақстан мен Францияның жоғары білім беру стандарттары негізінде даярлықтан өткізіледі. Мұндай академиялық тәжірибе түлектердің халықаралық ұйымдарда, мемлекеттік мекемелерде, дипломатиялық қызметте және консалтингтік құрылымдарда еңбек ету көкжиегін кеңейтеді. 

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту