«Өзін-өзі тану және психологиялық тұрақтылық: студенттік ортадағы стресс пен эмоциялық үдерістерді басқару» тақырыбында семинар-тренинг өтті

«Өзін-өзі тану және психологиялық тұрақтылық: студенттік ортадағы стресс пен эмоциялық үдерістерді басқару» тақырыбында семинар-тренинг өтті

2026 жылғы 6 қарашада Психологиялық қолдау қызметінің ұйымдастыруымен «Өзін-өзі тану және психологиялық тұрақтылық: студенттік ортадағы стресс пен эмоциялық үдерістерді басқару» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. Семинарды қызмет басшысы Саида Қосбай жүргізді.

Семинар-тренингтің мақсаты – студенттерге стресстің туындау механизмдері мен эмоциялық саладағы өзіндік сананың рөлі туралы жүйелі білім қалыптастыру, сондай-ақ оқу жүктемелеріне сәтті бейімделу үшін психологиялық тұрақтылық пен өзін-өзі реттеудің негізгі стратегияларымен таныстыру.

Семинардың алғашқы бөлімінде қызмет басшысы студенттерді Психологиялық қолдау қызметінің жұмысымен таныстырып, жеке консультациялар мен топтық тренингтерді қоса алғанда, тегін әрі құпия психологиялық көмек алу мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. Сонымен қатар маман қабылдауына телефон және мессенджерлер арқылы жазылу тәртібі, қызметтің нақты мекенжайы мен жеке консультациялардың өткізілу кестесі түсіндірілді.

Бағдарламаның екінші бөлімі теориялық материалдар мен практикалық жұмыстарға арналды. Студенттер психоэмоциялық тұрақтылық, стресс және дағдарыстық жағдайлар ұғымдарын жан-жақты қарастырып, эмоциялық қажудың алдын алу әдістері мен оқу жүктемесін тиімді басқарудағы уақытты жоспарлаудың маңызын талқылады.

Тренингтің практикалық бөлімінде қатысушылар жеке «Стресс картасын» құрастыру, «4–6» тыныс алу техникасы мен «5–4–3–2–1» зейінді тұрақтандыру әдісін меңгеру бойынша жаттығулар орындады. Сондай-ақ студенттік өмірде кездесетін нақты стресстік жағдайларды талдауға белсенді қатысты. Кездесудің қорытынды бөлімінде басымдықтарды анықтауға бағытталған «2 литрлік банка» интерактивті жаттығуы мен сергітуге арналған би ойыны ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында студенттер жылы әрі сенімді атмосфера қалыптасқанын атап өтіп, өздерінің жағымды әсерлерімен бөлісті. Қатысушылардың пікірінше, алынған білім оқу жүктемесіне деген көзқарастарын қайта қарауға мүмкіндік берсе, меңгерген тыныс алу және дене жаттығулары емтихан кезеңінде және күнделікті өмірде қолдануға болатын қарапайым әрі тиімді құралдар ретінде бағаланды.

Семинар-тренингке Жаратылыстану және география факультетінің 100-ге жуық студенті қатысты.

Психологиялық қолдау қызметі

Артқа қайту