Абай университетінің өкілдері Қытайдағы XPENG компаниясының инновациялық технологияларымен танысты

Абай университетінің өкілдері Қытайдағы XPENG компаниясының инновациялық технологияларымен танысты

2026 жылғы 5 қарашада Абай университетінің Химия кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ж.С. Мукатаева, PhD, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Ы. Бақыткәрім және Н.А. Шадин Қытай Халық Республикасының Гуанчжоу қаласында орналасқан XPENG жоғары технологиялық компаниясына танымдық сапар жасады.

Сапарға «2026 жылғы Халықаралық дарынды жастардың Қытай Халық Республикасына тәжірибе алмасу жобасы» аясында ғылыми тәжірибе алмасуға қатысып жүрген 8D05301 – Химия білім беру бағдарламасының 2-курс докторанттары А. Ерланұлы мен С. Сарыүйсін, 7М05301 – Химия білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты А. Өнербаева, сондай-ақ 6B05301 – Химия білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері Н. Сағатбекова мен Ә. Пернебай қатысты.

Танымдық сапар барысында университет өкілдері компанияның негізгі қызмет бағыттарымен, заманауи инженерлік жобалау жүйелерімен және электромобильдерді әзірлеу технологияларымен танысты. Компания мамандары көлік құралдарын жобалау және құрастыру кезеңдері, өндірістік үдерістерді автоматтандыру, жасанды интеллект пен роботтандырылған жүйелерді қолдану ерекшеліктері туралы ақпарат берді.

Сонымен қатар қатысушыларға компанияның адам тәрізді IRON роботтарын, автономды басқару технологияларын және ARIDGE бренді аясында әзірленіп жатқан ұшатын көлік құралдарын дамыту бағытындағы инновациялық жобалары таныстырылды.

Аталған сапар университет оқытушылары мен білім алушыларына заманауи технологиялық жетістіктермен танысуға, ғылыми зерттеулердің өндірісте қолданылу мүмкіндіктері туралы түсініктерін кеңейтуге және инженерлік инновациялар саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеуге мүмкіндік берді.

Бұл тәжірибе ғылым, білім және жоғары технологиялық өндіріс арасындағы өзара байланысты нығайтудың, сондай-ақ болашақ мамандардың кәсіби және ғылыми әлеуетін дамытудың маңыздылығын көрсетті

Артқа қайту