05.11.2026
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ МӘСЕЛЕЛЕРІН ДАМЫТУ ЖАЙЫ СӨЗ БОЛДЫ
Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп бүгін Математика және физика факультеті мен Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің оқытушы-профессорлар құрамымен ашық форматта кездесу өткізді. Жиында факультеттердің білім беру ісіндегі көрсеткіштері мен жетістіктері сараланды.
Ашық диалог форматындағы кездесу оқытушы-профессорлар мен қызметкерлердің бастамалары мен ұсыныстарын ашық тыңдауға, өзекті мәселелерді бірлесе шешуге бағытталды. Басты мақсат – жоғары оқу орнының стратегиялық дамуына бірлесе жұмыс істеп, академиялық, инфрақұрылымдық жағдайын жақсарту.
Кездесу барысында оқу орнының алдағы ғасырлық мерейтойына арналған факультетішілік жол картасы таныстырылды. Басшылық бұл мерейтойлық меже сапалы өзгерістердің жаңа кезеңі болуы тиіс екенін алға тартты. Сондай-ақ әр факультеттің өзіндік ерекшелігі мен түйткілді мәселелері сарапқа салынды. Мәселен, Математика және физика факультеті бойынша ақпараттық технологиялық тұрғыдан қажеттіліктер, аудиториялық қор қалыптастыру мәселелері назарға алынса, Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті бойынша талапкерлерді тарту, ЖИ-ге байланысты жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу жайы сөз болды.
Университет басшылығы Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің қарқынды дамуына ерекше басымдық беріп, оның стратегиялық әлеуетін арттыруға айрықша көңіл бөлінетінін жеткізді. Алдағы уақытта бұл факультеттің дамуын айқындайтын үш негізгі стратегиялық бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынбақ.
Ең алдымен халықаралық қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосу арқылы шетелдік үздік университеттермен серіктестікті нығайту көзделіп отыр. Бұл – білім алушыларға әлемдік деңгейдегі жетекші оқу орындарының академикалық тәжірибесін меңгеріп, қос диплом иегері атануға мүмкіндік береді. Екіншіден, факультет базасында заманауи жабдықталған Жасанды интеллект зертханасын ашу және ғылыми инновацияларды дамыту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Аталған ғылыми-зерттеу орталығы студенттер мен жас ғалымдарға IT саласында серпінді жобаларды жүзеге асыратын, отандық ғылыми өнімдерді коммерцияландыруға берік платформа болады. Үшіншіден, университет миссиясына сәйкес, жасанды интеллект технологияларын педагогикалық процеске тиімді енгізудің тың әдістемелері әзірлеу.
Болат Анапияұлы студенттердің білім алуымен қатар қоғамдық жұмысқа, жеке шығармашылығын арттыруға баса мән берді. Жастардың шығармашылықпен айналысып, мәдени демалыс аймақтарын, яғни коворкинг кеңістіктерін көбейту қажеттілігін айтты. Соған сәйкес инфрақұрылымды одан әрі арттыру – күн тәртібіндегі маңызды міндет ретінде айқындалды.
Кездесуде оқытушы-профессорлар әртүрлі сұрақтар қойып, білім ордасының материалдық базасына ерекше көңіл аударуды ұсынды. Айтылған барлық ұсыныс-пікірлер ескеріліп, жауапты құрылым басшыларына тапсырмалар берілді.
«Abai University» медиа орталығы