05.11.2026
ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖӘНЕ ЖАСТАРДЫҢ АЗАМАТТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
Абай университетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Жаңа Конституция – Жаңа Қазақстанның негізі» тақырыбында танымдық семинар ұйымдастырылды. Кездесуге «КЕШ» құқық қорғау орталығының директоры, заңгер Камшат Шинтекова арнайы келіп, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мен қоғам алдындағы жауапкершіліктің салмағы жайында сөз қозғады.
Жаңа Конституция – елдің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртуға, демократиялық құндылықтарды нығайтуға бағытталған маңызды тақырып. Конституция – мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының басты құқықтық негізі. Оның қағидаттарын құрметтеу, заң талаптарын сақтау, құқықтық сауаттылық пен азаматтық жауапкершілікті арттыру – қоғамның барлық өкіліне аса маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстар жас ұрпақтың ел болашағына деген жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді.
Іс-шара Жаңа Конституцияның қоғамдағы маңызын түсіндіруге, білім алушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталды. Жастардың заңға құрметпен қарауын қалыптастырып, азаматтық жауапкершілікті нығайту жағы да назарға алынды.
Кездесуде заңгер маман азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттері, заң үстемдігі, қоғамдық тәртіп және жастардың құқықтық жауапкершілігі туралы кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ құқықтық сауатты болу адамның негізгі дағдысы екенін атап өтіп, заң талаптарын білу мен оны күнделікті өмірде сақтау қажеттілігі жөнгінде баяндады.
Басқосудың ашық пікір алмасу бөлімінде студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, түрлі мәселелер бойынша заңгерден нақты жауап алды. Еркін форматта өткен сұрақ-жауап барысында жастардың құқықтық тақырыптарға қызығушылығы мен белсенділігі айрықша байқалды.
Мемлекеттік «Заң мен тәртіп» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған семинар жастардың өз құқықтарын қорғауға, заңға құрметпен қарап, қоғамдық тәртіпті сақтайтын саналы азамат болып қалыптасуына ықпал ететіні анық.
«Abai University» медиа орталығы