05.11.2026
ПРОКУРАТУРА ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Бүгін Абай университетінде мемлекеттік «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға негізделген кездесу ұйымдастырылды. Білім ордасына Алматы қаласы Медеу аудандық прокуратурасының өкілдері арнайы келіп, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және құқықтық жауапкершілік мәселелерін түсіндірді.
Заң – қоғамдық тәртіптің кепілі, ел бірлігі мен мемлекеттің тұрақты дамуының берік тірегі. Сондықтан қоғам өкілдерінің, әсіресе жастардың құқықтық сауатын арттырып, құқықбұзушылықтан сақтандыру маңызды міндет. Осы мақсатта бүгін оқу орнының бірінші курс студенттері құқық қорғау органдарының білікті мамандарымен кездесті. Олардың қатарында Алматы қаласы Медеу аудандық прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау бөлімінің аға прокуроры Мадияр Манатұлы, аталған бөлім прокуроры Диана Қалмаханова және Қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің прокуроры Сафият Ахметқызы болды.
Кездесу барысында жасөспірімдердің түрлі қылмыстық жауапкершілік туралы қысқаметражды бейнероликтер көрсетілді. Көрсетілім жастарға заң талаптарын елемеудің салдары мен құқықбұзушылықтың адам өміріне тигізер кері ықпалын ұғындыруға бағытталған. Прокуратура өкілдері студенттерге соңғы уақытта жиі кездесетін заңға қайшы әрекеттерге тоқталды. Атап айтқанда, сталкинг, алаяқтық және дропперлік жөнінде кеңінен түсіндірді.
Сталкинг – адамның келісімінсіз оны жүйелі түрде аңду, мазасын алу, байланыс орнатуға мәжбүрлеу немесе жеке өміріне қол сұғу әрекеттері. Ал дропперлік – өз банк картасын, шотын немесе төлем деректерін үшінші тұлғаларға беріп, заңсыз қаржы операцияларына қатысу. Спикерлер мұндай әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын алға тартты.
Сонымен қатар оқумен жұмысты қатар алып жүрем дейтін студенттерге курьерлік қызметке орналасуда да ерекше сақтық таныту қажеттігі ескертілді. Тапсырыстың қандай тауар екеніне қарамастан, оны тасымалдауға келіспеу керек. Өйткені тыйым салынған заттарды байқамай жеткізіп қою – күрделі құқықтық мәселеге ұласуы ықтимал.
Прокуратура қызметкерлері жастарды пайда табуды көздейтін күмәнді ұсыныстарды қабылдамауға, бейтаныс адамның өтінішімен банк шоттарын, жеке деректерін бөтен жанға пайдалану үшін бермеуге шақырды. Қандай да бір заңбұзушылыққа тап болып, күдік туындаса, құқық қорғау органдарына дереу хабарлау қажет. Жиын соңында жастарға заң талаптарын оқу, күнделікті өмірде жеке қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау жолдары жан-жақты айтылды.
«Abai University» медиа орталығы