БІШКЕКТЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМ АЯСЫНДАҒЫ ӨНЕР, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ТОҒЫСЫ

БІШКЕКТЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМ АЯСЫНДАҒЫ ӨНЕР, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ ТОҒЫСЫ

2026 жылғы 5 қарашада Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында «Өнер және дизайн» II халықаралық симпозиумы жұмысын бастады. Іс-шараға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Өнер факультетінің профессоры Оңал Тоққұлқызы Әбішева және университетке шақырылған шетелдік ғалым, АҚШ-тың Флорида мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD Эмбер Уорд қатысты.

5–6 қараша күндерін қамтитын симпозиум Еуразия халықаралық университетінің базасында Ыстанбұл Арел университеті және IKSAD институтының қатысуымен ұйымдастырылды. «Мәдениет бояулары, өнер тілі: өнер мен дизайндағы мәдени элементтердің өзара ықпалдастығы» тақырыбындағы іс-шара әртүрлі елдердің ғалымдарын, суретшілерін, дизайнерлері мен оқытушыларын ортақ ғылыми алаңға біріктірді.

Симпозиумның негізгі бағыттары мәдени мұра мен заманауи өнердің байланысын, дәстүрлі көркемдік тәсілдердің қазіргі интерпретациясын, өнер мен дизайндағы мәдени жады мәселелерін, сондай-ақ пәнаралық зерттеулер мен шығармашылық тәжірибелерді қамтыды.

Профессор Оңал Тоққұлқызы Әбішева «Кәсіптік білім берудегі кәсіби құзыреттер (дизайн)» тақырыбындағы баяндамасымен қатысты. Баяндама дизайн саласындағы мамандарды даярлау үдерісіндегі кәсіби құзыреттер мәселесіне арналды.

Эмбер Уорд «Тоғысқан тарихтар: әйелдердің тоқыма өнері, мәдени жады және қолөнер шығармашылық зерттеу тәсілі ретінде» (Intertwined Histories: Women’s Textiles, Cultural Memory, and Craft as Creative Inquiry) тақырыбындағы баяндамасын ұсынды. Ғалым тоқыма өнері мен мәдени жадының өзара байланысын қарастырып, қолөнердің шығармашылық ізденіс пен зерттеу тәжірибесіндегі орнына назар аударды.

Бішкекте өткен ғылыми кездесулер Абай университеті Өнер факультетінің өкілдеріне шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға, өнер және дизайн саласындағы зерттеу бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді. Мұндай халықаралық іс-шараларға қатысу факультеттің ғылыми байланыстарын кеңейтіп, көркем білім беру мен шығармашылық зерттеулердегі ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

Артқа қайту