Бүгін Абай университетінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, журналист-редактор Бифат Елтаеваның «Сыр-сұхбат – көңіл айнасы» кітабының тұсаукесері өтті. Әдеби-рухани жиынға белгілі қаламгерлер, өнер және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, кәсіпкерлер, ұстаздар мен студенттер қатысты.
КІТАП НЕ ЖАЙЛЫ?
«Сыр-сұхбат – көңіл айнасы» кітабына автордың әр жылдары республикалық «Жас Алаш», «Айқын» газеттерінде, «Qamshy.kz» ақпараттық агенттігінде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сұхбаттары топтастырылған. Сүбелі сұхбат кейіпкерлері өнер адамдары, танымал кәсіпкерлер, денсаулық сақтау және психология саласының мамандары, балалар әдебиетінің өкілдері, ұстаздар мен қоғам қайраткерлері.
Жинақтағы әр сұхбат кейіпкердің болмысын, өмірлік ұстанымын және өз дәуірінің тынысын танытады. Қоғамдағы өзгерістер, адам тағдыры, өнер мен еңбектің қадірі, өмірдің сан қырлы құбылыстары баяндалады. Жаңа кітап оқырманды тың ойға жетелеп, тұлғалар өмірінен тағылым алуға жол көрсетеді.

АҚ БАТАМЕН АШЫЛҒАН ТҰСАУКЕСЕР
Тұсаукесер жиынның шымылдығы жазушы, кенші, инженер, Түркістан және Кентау қалаларының құрметті азаматы Өскенбай Құлатайұлының ақ батасымен ашылды. Жазушы әртүрлі мамандық иесімен сұхбаттасу үшін журналистің білім көкжиегі кең, интеллектуалдық ой-өрісі жоғары болуы қажет екенін алға тартты.

– Қаншама адамнан сұхбат алып, оны жарыққа шығаруда әдемі иірімдермен кестелеу – журналистің шеберлігі. Әр мамандық иесіне сұрақ қою оңай емес. Ол үшін тілшінің білімі мен білігі жоғары болу керек. Жолың ақ болсын, қаламың кідірмесін. Толағай табыс тілеймін!
Жаңа кітаптың тұсауын жазушы Өскенбай Құлатайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтай, жазушы-публицист Марат Тоқашбаев, сәулетші, қоғам қайраткері Хайрулла Ғабжалилов пен журналист, балалар жазушысы Бейсенбай Сүлейменов кесті.


ҰЛТЫМЫЗҒА РУХАНИ АЗЫҚ БОЛСЫН

Күйші Шәміл Әбілтай жинақтағы сұхбат кейіпкерінің бірі екенін айтып, авторға ақжарма тілегін жеткізді.
Ал жазушы-публицист Марат Тоқашбаев Бифат Нұрмаханқызының журналистикадағы шәкірті санайтынын атап өтті. Ол бірнеше жыл бұрын жас журналистің сұхбат алған сәтін еске алып, кәсіби батылдығына тәнті болғанын жеткізді.

– Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын бір қыз бала телефон шалды. Әңгіме барысында сол замандағы саясатқа үйлесе бермейтін пікірлер айтылды. Сондықтан сұхбат жарияланбайтын шығар деп ойладым. Кейін ол «Жас Алашқа» шығыпты. Тамаша сұхбат болды. Сол кезде Бифаттың батыл журналист екенін мойындадым.
ҚОҒАМДЫҚ САНАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРАТЫН МАМАНДЫҚ

Іс-шара барысында сәулетші, ұлттық валюта – теңгенің алғашқы дизайнын жасаған авторлар тобының жетекшісі Хайрулла Ғабжалилов журналистиканың қоғамдағы орнына тоқталды. Өз сөзінде тілші мамандығының қоғамдық сананы қалыптастыратын жеткізді.
Сондай-ақ кинорежиссер, сценарист Еркін Рақышев жаңа кітапқа екі сұхбаты жарияланғанын айтты. Оның сөзінше, кейіпкердің пікірін бұрмаламай, айтылған ойды дәл жеткізу – журналист жауапкершілігі.
– Кейбір журналистер өткір айтылған пікірлерді жариялауға батылы бармайды. Ал Бифат менің сөзімді бірде-бір өзгертпей, қаз-қалпында берді. Бұл кітап студенттер үшін әлеуметтік-саяси мәселелерді жете түсінуге аса қажет деп ойлаймын.
КЕЙІПКЕР ӘЛЕМІНЕ ТЕРЕҢДЕУ

Балалар жазушысы Бейсенбай Сүлейменов кітап жазу үшін талант пен қоса табандылық қажеттігін алға тартты. Әр кейіпкер сегіз қырлы, бір сырлы тұлға болғандықтан, сұхбат арқылы бір ғана қырын ашуы мүмкін. Ал оның мінезін, ішкі әлемін тереңірек ашуға ұмтылу керегін жеткізді.
Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Болат Шарахымбай автордың журналистикадағы қолтаңбасын бұрыннан білетінін, Бифат Елтаеваның жастайынан журналистикаға араласып, 22 жасында газет редакторы болғанын айтты.

– Бифат – ашық сөйлейтін, батыр да батыл журналист. Ол сұрақты дұрыс қоя біледі. Енді бұдан да тереңдеп, күрделі тақырыптарды қаузай беруі керек.
СҰХБАТТАН ТУҒАН ҮЛКЕН ШЫҒАРМАЛАР
Жиында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы сұхбат жанрының мүмкіндігі мол екеніне тоқталды. Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», Мұхтар Шахановтың «Құз басындағы аңшының зары» сынды белгілі кітаптар сұхбаттан туындағанын мысал етті. Сондай-ақ тілші қоғамға айтары бар тұлғаны тауып, оның ойын жұртшылыққа жеткізудің өзі журналистің еңбегі екенін сөз етті.

– Газет пен журналдың абыройын бас редактор көтерсе, оның сапасын журналистер қалыптастырады. Бифаттың сұхбат алған кейіпкерлері – әртүрлі саланың өкілдері. Айтары бар адамды табудың өзі – журналистің мықтылығы.
ШӘКІРТ ЖЕТІСТІГІ – ҰСТАЗ МЕРЕЙІ
Тұсаукесерде филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айнұр Көшекова шәкіртінің жаңа еңбегіне ұстаздық бағасын берді.

– «Сыр сұхбат – көңіл айнасы»... Кітап атауында терең мағына бар. Сыр – адамның ішкі әлемі, сұхбат – сол әлемге бастайтын жол, ал көңіл айнасы – жүректегі шындықтың көрінісі. Демек, бұл кітап – адамды тануға, тағдырды тыңдауға, ақиқатты ұғынуға бағытталған. Жақсы сұхбат адамның болмысын ашып қана қоймай, оқырманға ой салып, өмірге басқа қырынан қарауға жетелейді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа кітаптың оқырманға берері мол деп сенемін.
Әдеби кеште қылқобыз шебері Жасар Нұрданбек «Доспамбеттің жырын» орындап, пародист-актер Асқар Көмекбаев өнерімен көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.


«СҰХБАТ – ЖӘЙ ҒАНА ӘҢГІМЕ ЕМЕС...»
Жиын соңында тұсауы кесілген туынды авторы Бифат Елтаева кітаптың жарық көруіне үлес қосқан азаматтарға, ұстаздарға, әріптестері мен кейіпкерлеріне алғыс білдірді.
– Сұхбат – сұрақ қойып, жәй ғана әңгімелесу емес, алдымен кейіпкерді іздеп, оның қызметі мен өмір жолын зерттеу. Сондай-ақ еңбек жолындағы таңдаған саласын терең түсіну керек. Содан кейін ғана мазмұнды әңгіме құруға мүмкіндік туады.
Рухани кешке айналған тұсаукесер рәсімінде әуезді ән шырқалып, күмбірлеген күй ойнады. Осылайша қоғамдық санаға қозғау салатын «Сыр-сұхбат – көңіл айнасы» кітабы қалың оқырманға жол тартты. Бағасын патша көңілді оқырман бағамдай жатар...

