04.11.2026
УНИВЕРСИТЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ҰЖЫММЕН ТІКЕЛЕЙ КЕЗДЕСУІ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп бүгін түстен кейін Педагогика және психология факультетінің оқытушы-профессорлар құрамымен және қызметкерлерімен жүздесті. Басқосуда ұжым университет басшылығымен ашық пікір алмасып, өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салды. Еркін форматта өткен жүздесуде жоғары оқу орнының даму бағыттары, білім беру бағдарламаларын жетілдіру бойынша мәселелер талқыланды.
Жиынның басында Педагогика және психология факультетінің деканы Ғалия Абаева факультеттің соңғы кезеңдегі даму көрсеткіштеріне тоқталды. Өткен оқу жылмен салыстырғанда биыл факультеттегі білім алушылардың контингенті артып, бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде оқитындардың саны өскен. Декан бұл көрсеткішті ұжымның жүйелі жұмысы мен білім беру бағыттарына деген сұраныстың артуының нәтижесі ретінде атап өтті.
Мұндай кездесулер университеттің даму бағдарын айқындауға, стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыруға және алдағы міндеттерді нақтылауға мүмкіндік береді. Ұжымның салмақты ойларын тыңдаған Болат Анапияұлы тың идеясын жеткізді. Алдағы уақытта «Инклюзивті білім беру» және «Аутистік спектрі бұзылған балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау» бағыттары бойынша мамандар даярлайтын кафедра ашу жоспарланып отыр. Бұл бастама инклюзивті білім беру саласындағы білікті кадрлар даярлауға жол ашады.
Сонымен қатар «Abai Digital» платформасы, заманауи құрал-жабдықтар, материалдық-техникалық базаны дамыту туралы да сөз болды. Қызметкерлер өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, оған нақты жауаптар алды.
Айта кетейік, Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Анапияұлының бұл төртінші факультетте өткізіп жатқан кездесуі. Мұндай ашық диалогтың басты мақсаты – оқытушы-профессорлар мен қызметкерлердің ұсыныс-пікірлерін тікелей өз ауыздарынан тыңдау, өзекті күрделіліктерді шешу жолдарын жария түрде талқылау, сондай-ақ жоғары оқу орнының даму үдерісіне ұжым мүшелерін кеңінен тарту.
«Abai University» медиа орталығы