04.11.2026
ӘЛЕУМЕТТІК-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ БОЙЫНША СЕМИНАР ӨТТІ
Студенттердің сапалы білім алып, жоғары нәтижеге жетуі олардың эмоционалдық және психологиялық тұрақтылығына тікелей байланысты. Өйткені психологиялық тұрғыдан орнықты студент қана ақпаратты терең меңгеріп, сыни ойлауын дамытып, білім алу процесіне толыққанды зейін қоя алады. Соған орай бүгін Абай университетінде «Жастар арасында NEET санатына өту тәуекелдерінің алдын алу: әлеуметтік-психологиялық қолдау тетіктері» тақырыбында профилактикалық семинар өтті.
Іс-шара студенттерді білім алуға және кәсіби дамуға мотивациясын арттыруды, өмірлік мақсаттарын айқындауды мақсат етті. Профилактикалық семинарды жүргізуге PhD, практик-психолог Альфия Гумерова арнайы келді. Ол жастарды оқуға құштар емес, жұмыс істегісі келмейтін жандардан құралған әлеуметтік топ қатарына, дәлірек айтсақ NEET санатына өтпеуге шақырды. Маманның айтуынша, қоғамда 15-34 жас аралығындағы жастардың біршамасы осындай әлеуметтік-психологиялық қолдауға мұқтаж. Өйткені жастар арасында өзін-өзі бағалау төмендігі, өзгемен салыстыру, жеке тұлға ретінде қоғамнан орнын таба алмау сынды психологиялық түсінік қалыптасқан.
Спикер психология ғылымындағы бірқатар теориялық тұжырымдарға негізделген практикалық тәсілдерді сөз етті. Атап айтқанда, Альберт Бандураның тиімділік тұжырымдамасы негізінде адамның белгілі бір міндетті орындай алатынына деген сенімінің маңызын түсіндірді. Сондай-ақ Джеймс Марсиа ұсынған тұлғалық сәйкестіктің қалыптасу үдерісі, өзін-өзі зерттеу мен саналы таңдау жасау мәселелері де қозғалды.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда NEET санатындағы жастар саны 312,9 мың адамды құрайды. Бұл елдегі жалпы жастар санының 5,7 пайызына тең. NEET санатындағы жастар мәселесі білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау салаларындағы маңызды бағыттардың бірі. Осыған байланысты жастардың әлеуетін дамыту, кәсіби бағдар беру, еңбек нарығына бейімдеу және әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету жұмыстарының маңызы арта түсті.
«Abai University» медиа орталығы