04.11.2026
МАТЕМАТИКАЛЫҚ МОДЕЛЬДЕУ МЕН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ТАҚЫРЫБЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
Бүгін Абай университетінде «Кері есептер, математикалық модельдеу және жасанды интеллект» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Ғылыми жиын Дүниежүзілік ғалым-механиктер мен инженерлер конгресі (WC MSE-2026) аясында академик Ғахип Уәлиевтің туғанына 85 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Іс-шара Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия және Қытай елдерінің ғылыми қауымдастық өкілдерінің басын қосты.
Конференцияның мақсаты – математикалық модельдеу, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, робототехника және инженерлік ғылымдардың басым бағыттарын айқындау. Сондай-ақ өзекті мәселелері мен заманауи жетістіктерін талқылау, пәнаралық және халықаралық ынтымақтастықты нығайту болды.
«Кері есептер, математикалық модельдеу және жасанды интеллект» тақырыбы қазіргі білім беру жүйесін цифрландыру және математикалық білім берудің жаңа тәсілдерін дамыту тұрғысынан ерекше маңызға ие. Бұл бағыт білім алушылардың логикалық, сыни және аналитикалық ойлау қабілетін жетілдіреді. Аталған тақырып болашақ педагогтардың білім беру саласында заманауи талаптарға сай дамуына оң әсер етеді.
Конференцияда отандық және шетелдік ғалымдар ультрадыбыстық томографияны геофизика мен медицинада қолдану, арқанды параллель роботтар, математикалық эпидемиология, интегралдық теңдеулер тақырыбында ғылыми баяндамалар жасады. Робототехникалық жүйелер және математикалық модельдердің параметрлерін анықтау мәселесі де назардан тыс қалмады.
Баяндама тақырыптарының ауқымы математикалық зерттеулердің медицина, білім беру, инженерия және ақпараттық технологиялар сияқты салалармен тығыз байланысын көрсетті. Әсіресе жасанды интеллект пен математикалық модельдеудің дамуы ғылыми мәселелерді шешудің жаңа мүмкіндіктерін ашып, заманауи технологиялық шешімдерді жетілдіруге жол береді. Мәселен, физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор Есен Бидайбеков «Цифрландыру және жасанды интеллект: білім берудегі парадигмалық өзгеріс» туралы баяндап, жаңа буын педагогтарын даярлаудағы жаңа технологияның өзгерістерін түсіндірді.
Халықаралық ғылыми конференция ғалымдар арасында тәжірибе алмасуға септігін тигізеді. Сондай-ақ ғылыми мектептер арасындағы байланысты нығайтып және бірлескен зерттеулердің перспективаларын айқындауға ықпал ететіні анық. Нәтижесінде университеттің халықаралық ғылыми ортадағы ынтымақтастығы кеңейіп, математика, инженерия және жасанды интеллект бағыттары бойынша дамуға үлес қосары сөзсіз.
Конференция «Физика, робототехника және цифрлық технологиялар», «Цифрландыру және білім берудегі жасанды интеллект» ғылыми секциялары бойынша жалғасты.
«Abai University» медиа орталығы