03.11.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ – «QS ASIA – 2027» РЕЙТИНГІНДЕ ТАҒЫ ДА КӨШ БАСТАДЫ
Абай университеті «QS Asia University Rankings – 2027» халықаралық рейтингінде 138-орынға көтеріліп, Орта Азия мен Қазақстан педагогикалық жоғары оқу орындары арасынан тағы да ең үздік нәтиже көрсетті. Осылай қасиетті қара шаңырақ педагогикалық бағыт бойынша аймақта өзіне ешқандай балама жоқ екенін екінші рет дәлелдеп отыр.
Абай университетінің Орта Азия мен Қазақстанда педагогикалық бағытта үздік шығуы – білім беру сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу қызметін жетілдіру және халықаралық академиялық кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін нығайту бағытында атқарып келе жатқан жүйелі жұмыстарының нәтижесі екені анық. Сонымен қатар еліміздің тұңғыш жоғары оқу орны жалпы рейтингке енген Қазақстанның 51 жоғары оқу орнының арасында 4-орынды иеленіп, Орталық Азия университеттері бойынша 5-сатыға жайғасты. Тағы бір айта кетерлігі, университет бес жыл қатарынан QS аймақтық рейтингінің ТОП-150 тізімінде тұр. Бұл көрсеткіш оқу орнының халықаралық деңгейдегі тұрақты позициясын, даму қарқыны мен білім, ғылым саласындағы әлеуетін айқындайды.


«QS Quacquarelli Symonds» халықаралық рейтинг агенттігі 2027 жылғы қорытындыларын 3 қарашада Лондонда жариялады. Биылғы бағалау аясында Азияның 26 елі мен аумағынан 1700-ден астам жоғары оқу орны қамтылған. Қатысушылар санының артуы мен халықаралық бәсекелестіктің күшеюі жағдайында жоғары көрсеткішке қол жеткізген Абай университеті өзінің институционалдық даму стратегиясының тиімділігін және әлемдік білім беру кеңістігіндегі танымалдығының артырғанын аңғартады.
Биылғы рейтинг нәтижесі бойынша университеттің айтарлықтай ілгерілеуі «Шетелдік студенттер» индикаторы бойынша байқалды. Яғни, бұл Абай университетінің түрлі мемлекеттерден келетін жастар үшін сұранысқа ие академиялық орталыққа айналғанын көрсетеді. Сондай-ақ шетелдік білім алушылар санын көбейту, халықаралық серіктестік желісін кеңейту, академиялық ұтқырлықты дамыту мен оқу үдерісін интернационалдандыру бағытындағы бастамалардың оң нәтижесін дәлелдейді.
«QS Asia University Rankings» рейтингінде жоғары оқу орындарының қызметі бірқатар маңызды өлшем негізінде сараланады. Олардың қатарында академиялық және жұмыс берушілер арасындағы бедел, ғылыми жарияланымдардың дәйексөзделуі, зерттеу жұмыстарының нәтижелілігі, оқытушылар мен студенттер арақатынасы, халықаралық ғылыми байланыстар және шетелдік білім алушылардың да үлесі бар. Аталған индикаторлар университеттің білім беру сапасын, жаһандық академиялық ортадағы ықпалын кешенді бағалауға мүмкіндік береді.
Ғасырға жуық тарихы бар Абай университеті отандық педагогикалық білімнің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан жетекші білім ордасы ретінде өз миссиясын жаңа заман талаптарымен ұштастыруда. Бүгінде университет дәстүрлі академиялық құндылықтарды инновациялық шешімдермен сабақтастыра отырып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға, ғылыми ізденістерді қолдауға және халықаралық білім кеңістігіндегі ықпалдастығын тереңдетуге басымдық беріп отыр. Алдағы кезеңде де университет сапалы білім беру стандарттарын жетілдіруді, зерттеу әлеуетін арттыруды, шетелдік жоғары оқу орындарымен стратегиялық әріптестікті кеңейтуді және талантты жастарға халықаралық деңгейдегі мүмкіндіктер ұсынуды жалғастырады.
«QS Asia – 2027» рейтингіндегі бұл көрсеткіш – университет ұжымының ортақ табысы әрі алдағы даму жолындағы маңызды белес. Қара шаңырақтың халықаралық аренадағы беделін нығайтуға бағытталған жұмыстары отандық жоғары білімнің өркендеуіне және Қазақстанның әлемдік академиялық кеңістіктегі орнының нығаюына үлес қоса бермек.
«Abai University» медиа орталығы