БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ-РЕКТОР ОҚЫТУШЫ-ПРОФЕССОРЛАР ҚҰРАМЫМЕН КЕЗДЕСТІ

БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ-РЕКТОР ОҚЫТУШЫ-ПРОФЕССОРЛАР ҚҰРАМЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілеп Жаратылыстану және география факультеті ұжымымен кездесті. Кездесуге факультеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен қызметкерлер қатысып, басшылықпен «еркін микрофон» арқылы емен-жарқын әңгіме орнатты. Білім ордасының дамыту стратегиясын, инфрақұрылымы мен академиялық білім беру сапасын арттыруға байланысты өзекті мәселелер қозғалды.

Еркін форматта өткен кездесудің мақсаты – басшылық пен ұжым арасында ашық диалог орнату. Жиын барысында университеттің стратегиялық міндеті мен білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалар талқыланды. Атап айтқанда, олимпиадалық спорт түріне арналған «жасанды жартас» кешенін салу, шетелдік университеттерде тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін кеңейту және оқу орнындағы қауіпсіздік шараларын күшейту туралы сөз болды. Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Анапияұлы әрбір сұрақ пен ұсынысқа нақты жауап беріп, аталған бағыттар бойынша жауапты құрылымдарға тапсырма жүктеді.

Аталған кездесу университеттің дамуы мен стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуіне және межелі міндеттерді айқындауға ықпал ететіні сөзсіз. Қызметкерлер үшін қолайлы жұмыс ортасын қалыптастырып, қордаланған мәселелердің шешімі тапса, еңбек мотивациясы да арта түседі. Басқарма Төрағасы-Ректор осы тұрғыдан оқытушылар мен профессорлардың сауалдарына жауап беріп, университет жұмысын ілгерілетудегі ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Жиын соңында Болат Анапияұлы ұжымға белсенділігі үшін алғыс білдіріп, көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Алдағы уақытта да ашық кездесулер тұрақты түрде өткізіліп, университетті басқарудағы жариялылық қағидаты бұдан да нығая түсетінін жеткізді.

Айта кетейік, Абай университетінде басшылық пен қызметкерлер және студенттер арасындағы ашық диалогқа айрықша көңіл бөлінеді. Білім алушылардың университетті дамытуға бағытталған ұсыныстары мен өтініштері әрқашан назарға алынады. Ректордың алдағы күндері өзге де факультет қызметкерлерімен кездесуі жалғасын табады.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту