АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ «COURSERA» ПЛАТФОРМАСЫНДА ҮШІНШІ АВТОРЛЫҚ КУРСЫН ІСКЕ ҚОСТЫ

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ «COURSERA» ПЛАТФОРМАСЫНДА ҮШІНШІ АВТОРЛЫҚ КУРСЫН ІСКЕ ҚОСТЫ

Абай университеті халықаралық «Coursera» платформасында «IoT негізіндегі машинаны үйрету» онлайн-курсын іске қосты. Жоба цифрлық трансформациялау және жоғары білім беру саласына  заманауи технологияларды енгізуді мақсат етеді. Университет ғалымдарының әзірлеген курсы материалды интернет, жасанды интеллект және машиналық оқыту саласында іргелі білім беру мен тәжірибелі маман даярлауға бағытталған.

Бағдарлама аясында курс қатысушылары IoT құрылғылары арқылы ақпаратты жинақтау, машиналық оқыту модельдерін материалды интернет аппараттық платформаларымен интеграциялау, білім беру үдерісіне арналған интеллектуалды STEAM жүйелері мен қолданбалы шешімдерін құрастыру дағдыларын меңгереді. Курс еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған. Бағдарламаны сәтті аяқтағандарға Абай университеті мен «Coursera» халықаралық платформасының бірлескен сертификаты беріледі.

Аталған курс авторлары – Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова, Білім беру бағдарламаларын талдау департаментінің директоры Нұржамал Ошанова, университет докторанты Қасым Сейдуәлі мен Информатика және білім беруді ақпараттандыру кафедрасының оқытушысы Айбек Амангельдин. Оларға жобаны әзірлеу, халықаралық стандарттарға бейімдеу және «Coursera» платформасына жариялау кезеңінде «Bilim UpSkill» компаниясынан консультациялық және техникалық қолдау көрсетілгенін айта кеткен жөн.

Бұған дейін «Coursera» платформасында Абай университетінің «Жасанды интеллект негіздері» және «Python программалаудың алғашқы қадамдары» авторлық онлайн курстары орналастырылған болатын. Қазіргі таңда жоғары оқу орны оқытушыларының біліктілігін арттыру мақсатында «Coursera» платформасы арқылы жасанды интеллект технологияларын меңгеру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл бастама – университеттің стратегиялық дамуына және оқытушылардың түйінді тиімділік көрсеткіштеріне (KPI) тікелей әсер етеді.

Айта кетейік, «Coursera» – әлемнің жетекші университеттері мен ірі технологиялық компанияларының онлайн-курстарын, сертификаттау бағдарламаларын және дәрежелік білім беру жобаларын ұсынатын платформа. Қазіргі уақытта оған 10 мыңнан астам ресми оқу курсы мен білім беру бағдарламасы тіркелген.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту