Абай атындағы ҚазҰПУ магистранттары Беларусь Республикасында ғылыми тағылымдамадан өтті!

Абай атындағы ҚазҰПУ магистранттары Беларусь Республикасында ғылыми тағылымдамадан өтті!

2026 жылғы 16–26 қазан аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «7М03122 – Клиникалық психология психотерапия негіздерімен» қосдипломды білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын магистранттары Беларусь Республикасының Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетінің Психология институтында  ғылыми тағылымдамадан өтті. Тағылымдама екі университет арасындағы халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға, білім беру мен ғылыми-зерттеу тәжірибесін интеграциялауға, сондай-ақ клиникалық психология саласындағы мамандарды даярлау сапасын арттыруға бағытталған қосдипломды білім беру бағдарламасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Бағдарлама аясында қатысушылар Беларусь Республикасының психикалық денсаулық сақтау саласындағы жетекші мекемелеріне барып, психологиялық және психотерапиялық көмек көрсетудің заманауи тәсілдерімен танысты. Сонымен қатар белоруссиялық әріптестерімен ғылыми және практикалық тәжірибе алмасып, кәсіби білімдерін жетілдірді.

Тағылымдаманың маңызды іс-шарасының бірі – «Шекарасыз клиникалық психология: Беларусь пен Қазақстанның ғылым және практика саласындағы тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық дөңгелек үстелі болды.

Қазақстандық тәжірибені Абай атындағы ҚазҰПУ Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Гүлмира Бекенқызы Ниетбаева таныстырды. Өз баяндамасында ол Қазақстанда клиникалық психологтарды даярлаудың ерекшеліктерін, білім беру стандарттарын, осы саланың қазіргі заманғы сын-қатерлері мен даму перспективаларын баяндады.Университет магистранттары да клиникалық психология саласындағы өзекті зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды. Атап айтқанда, «7М03122 – Клиникалық психология психотерапия негіздерімен » білім беру бағдарламасының екінші курс магистранты Назым Ерболатова ғылыми баяндама жасады.

Халықаралық ғылыми тағылымдама қосдипломды білім беру бағдарламасын іске асырудағы маңызды кезең болды. Ол магистранттардың кәсіби және зерттеушілік құзыреттерін дамытуға, академиялық байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Максим Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университеті арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етті.

Артқа қайту