02.11.2026
ЖОЛДАУДЫ ТҮСІНДІРУ МАҚСАТЫНДА ҮГІТ-НАСИХАТ ТОБЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ КЕЛДІ
Бүгін Абай университетінде ҚР Президентінің халыққа арнаған Жолдауында көтерілген басым бағыттарды түсіндіру мақсатында республикалық үгіт-насихат тобының мүшелерімен кездесу болып өтті. Алқалы басқосуға ҚР Құрылтайының депутаты Айжан Скакова, ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұржан Жақыпов және Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Қалимолдин қатысты.
Кездесуді университет Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Анапияұлы ашып, басқосудың негізгі мақсаты Мемлекет басшысының Жолдауындағы стратегиялық бағыттарды талқылау екенін атап өтті. Жолдауда көзделген міндеттерді толыққанды жүзеге асыру ел экономикасының әлеуетін арттыруға және мемлекеттің тұрақты дамуына оң ықпал ететінін алға тартты.
ҚР Құрылтай депутаты Айжан Амангелдіқызы цифрлық экономиканың маңызына тоқталып, цифрландыру – технологиялық жаңашылдық ғана емес, қоғамдық еңбек қатынастары мен жұмыспен қамту құрылымын қалыптастыратын маңызды құрал екенін жеткізді.
– Президент атап өткендей, интернет қалың бұқара үшін тұтыну құралы ғана емес, экономикалық және басқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ететін құрал болуы тиіс. Цифрлық экономиканы құру және барлық өңірде «Digital Qazaqstan» орталықтарын ашу арқылы баршаға бірдей қолжетімді жүйе қалыптастыру қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ экологиялық мәселелер, әсіресе су ресурстарын тиімді пайдалану қажеттілігіне назар аударды. Ауызсуды өндірістік мақсатта пайдалануды шектеп, техникалық және қайта пайдаланылатын суды қолдану тәжірибесін кеңейту маңызды. Бұл бастама – суды үнемдеу мәдениетін қалыптастырып, табиғи ресурстарға деген жауапкершілікті арттыра түсері анық, – деді депутат.
Кездесуде ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Серікұлы жасанды интеллект технологияларын энергетика саласына енгізу мәселесін көтерді. Вице-министрдің айтуынша, заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану энергетикалық жүйенің жұмысын жетілдіруге, өндірістік үдерістерді оңтайландыруға, саланың даму қарқынын арттыруға септігін тигізеді.
Статистика бойынша қазіргі таңда Қазақстанның энергетикалық жүйесінде 254 энергия көзі жұмыс істейді. Өткен жылы электр энергиясын өндіру көлемі елімізде тарихи рекордқа жетіп, 123,1 млрд киловатт-сағатты еңсерген. Елдегі кәсіпорындарының кеңеюі мен тұрғын үй құрылысының қарқынды жүргізілуі электр энергиясына сұранысты арттырып отыр. Осыған байланысты 2029 жылға дейінгі жоспар аясында жалпы қуаты 13,3 ГВт болатын жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосу көзделген.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Жұмабекұлы өз кезегінде ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізу мен инфрақұрылымды дамытуға қатысты міндеттерге тоқталды.
– Аталған бағыт елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруда маңызды орын алады. 2027 жылы ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, тұрғын үй құрылысын кеңейту және халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нысандардың санын арттыру жұмыстары қарқын алады. Бағдарлама аясында 13 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Оның шеңберінде 45 жобаны жаңғырту жұмыстары көзделіп отыр, – деді Қуандық Қажкенов.
Кездесу барысында Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұржан Жақыпов пен кеңес мүшесі Марат Қалимолдин өңірлік экономиканы дамыту жөнінде әңгіме өрбітті. Жолдау мегополистің дамуына серпін беріп, қала тұрғындары мен жастарға қолайлы жағдай жасауға айрықша көңіл бөлінетінін жеткізді. Жиынға қатысушылар көкейдегі сауалдарын қойып, үгіт-насихат тобының өкілдерімен өзекті тақырыптарда пікір алмасты.
«Abai University» медиа орталығы