02.11.2026
ШЕТЕЛДІК ҒАЛЫМНЫҢ АШЫҚ ДӘРІСІ ӨТТІ
Бүгін Абай университетінде ҚХР Бейжің ғылым және технология университетінің профессоры Шуя Вэй студенттерге дәріс оқыды. Ашық дәріс «Цайхуа сәулеттік кескіндемесінде қолданылатын материалдарды ғылыми зерттеу» тақырыбын арқау етті.
Цайхуа – қытай халқының дәстүрлі сәндік кескіндеме өнері. Ол сарай, ғибадатхана сынды тарихи ғимараттарды безендіру ісінде жиі қолданылады. Көз жауын алатын өнердің тағы бір ерекшелігі сыртқы орта әсерінен, мысалы ылғал, шіру немесе жәндіктерден келетін қауіпке төтеп бере алады. Аталған кескіндеме – қытай халқының ұлттық мәдениетін, дүниетанымы мен дәстүрін ұрпаққа жеткізудегі рөлі зор.
Ашық дәрісте студенттер көкейдегі сауалдарын қойып, шетелдік профессормен еркін пікір алмасты. Қытайлық ғалым болашақ өнертанушы, дизайнер мамандарға кеңес берді.
– Бүгінгі кездесу білім алушыларға ұнағанын көріп тұрмын және менің де көңілімнен шықты. Болашақ зерттеушілерге айтарым, бұл күрделі сала. Сол себепті химия, физикамен қатар өнер саласынан да хабарыңыз болуы керек. Қысқаша айтқанда, әрбір маман жан-жақты болған абзал. Цайхуа саласы гуманитарлық және техникалық білімді қатар талап етеді, - деді Бейжің ғылым және технология университетінің профессоры.
Профессор Шуя Вэй ежелгі артефактілерді зерттеу үшін заманауи химиялық және физикалық талдау әдістерін қолданады. Оның еңбектері ежелгі Қытайдың материалдық мәдениетін тереңірек түсінуге және құнды тарихи мұраларды болашақ ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқарады. Оның ғылыми зерттеулері археологиялық ғылымдар, мәдени мұраны талдау және көне жәдігерлерді реставрациялауға бағытталған.
Сондай-ақ шетелдік ғалым дәріс барысында лакпен боялған бұйымдардың мыңжылдық тарихы мен күрделі жасалу технологиясына шолу жасады. Оның сөзінше, бұл ертеде сарай ақсүйектеріне арналған сәнді қолөнер болса, қазіргі таңда бүкіл Шығыс Азияға тараған кескіндеменің бір түрі. Ғалым мұндай жәдігерлердің бүгінге дейін сақталып, әлем музейлерінде жоғары бағалануы оның көркемдік және тарихи құндылығының дәлелі екенін алға тартты.
«Abai University» медиа орталығы