РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Бүгін Абай университетінде студенттер мен магистранттар арасындағы республикалық ғылыми-зерттеу байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Аталған байқауға еліміздің 25 жоғары оқу орнынан 149 жас зерттеуші қатысып, олардың ғылыми жобаларын 51 сарапшы саралады. Топ жарған Абай университетінің 39 білім алушысына Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан марапат табыстады.

Республикалық ғылыми-зерттеу байқауы білім беру бағдарламалары бойынша дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Соның ішінде 14 білім беру бағдарламасы бойынша конкурс Абай атындағы ҚазҰПУ базасында өткізілді. Жалпы биылғы байқауға отандық 25 жоғары оқу орнынан 150-ге тарта жас зерттеуші қатысуға өтінім білдірген. Олардың ішінде 100 ғылыми-зерттеу жұмысын магистранттар тапсырса, 49 жобаны бакалавр деңгейінде білім алушылар өткізген. Нәтижесінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдары үздік деп танылған 80 үміткерге берілді. 

Абай университетінің 39 жас зертеушісі үздіктер қатарына еніп, 16 адам ІІІ дәрежелі, 13 адам ІІ дәрежелі, ал 10 адам І дәрежелі диплом иегері атанды. Оқу орнының беделін республикалық деңгейде көтерген болашақ ғалымдарды Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректор Ертай Сұлтан арнайы құттықтады. Ол өз сөзінде студенттер мен магистранттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңызына тоқталып, жас ғалымдарды ғылым жолында табандылықпен еңбек етуге шақырды.

Айта кетейік, 2029 жылға дейін зерттеу университетіне айналу – Абай атындағы ҚазҰПУ-дың үлкен миссиясы. Оқу орны табалдырығын аттаған студенттердің академиялық білім алып қана қоймай, ғылым жолына қадам басуына да барынша жағдай жасалған. Жыл сайын университетішілік «Жас кәсіпкер» стартап-жобалар байқауы, «Жас ғалым» ғылыми жобалар байқауы, сондай-ақ «Үздік студенттік ғылыми ұйым» атты додалары ұйымдастырылады. Мұндай қадамдар әрбір білім алушының тың идеясын іске асырып, ғылыми-зерттеу жобасын дамытуына ықпал етері анық. 

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту