30.10.2026
ҚОЛӨНЕР – ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ІЗДЕНІС ПЕН БІЛІМНІҢ ТОҒЫСҚАН КЕҢІСТІГІ
Бүгін қара шаңырақта Америка Құрама Штаттарынан арнайы келген Флорида мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы (PhD) Эмбер Уордтың ашық дәрісі өтті. Кездесу барысында ғалым өзінің ғылыми ізденістерімен бөлісіп, педагогикалық тәжірибесін таныстырды.
Ашық дәріс алдында сөз алған Өнер факультетінің деканы Кәрім Әлімханұлы қонақтың зерттеу бағыттарына тоқталды. Ол ғалымның зерттеулері қолөнерді көркем білім мен шығармашылықтың маңызды тәсілі ретінде қарастыру қажеттігін, сондай-ақ экологиялық жауапкершілік мәселелеріне бағытталғанын атап өтті.
Дәріс аясында Эмбер Уорд авторлығымен жарық көрген «Халықтық мектеп педагогикасымен әрекеттестік: Шығармашылық ізденіс ретіндегі қолөнер» (Relational Encountres With Folk School Pedagogies: Craft As Creative Inquiry) атты кітабы таныстырылды. Сонымен қатар профессор оқушыларымен және зерттеуші көмекшілерімен бірлесіп атқарған жобалары туралы әңгімеледі. «The Clearing» мектебіндегі қолөнерге негізделген білім беру тәжірибелерін зерттеу материалдарына ерекше назар аударғанын айта кету керек. Ғалымның айтуынша, аталған зерттеу аясында әріптестерімен бірге 800-ден астам қолөнер сабағын зерделеп, осы мақсатта оқу үдерісіндегі өзгерістерді анықтаған. «Қандай да бір затты жасау білім тудырудың әдісі бола ала ма?» деген сұраққа презентациясында зерттеу нәтижелері арқылы жауап берді.
Эмбер Уорд экологиялық жауапкершілікті қалдықтарды қайта өңдеу, тұтыну мәдениетін қалыптастыру, адамның табиғатпен, өсімдіктер және жануарлар әлемімен үйлесімді қарым-қатынасын қарастыратын этикалық-философиялық ұстаным ретінде түсіндірді. Бұл көзқарасын ғалым өзінің шығармашылық тәжірибесі арқылы дәлелдеді.
– Өнер туындыларын жасау барысында мүмкіндігінше жаңа материалдарды сатып алмаймын, бұрын қолданған, қайта пайдалануға болатын материалдарды қолдануға тырысамын. Себебі қазір қоғамда, әсіресе АҚШ-та, шамадан тыс тұтыну өзекті экологиялық мәселелердің біріне айналған, – дейді Эмбер Уорд.
Өнер арқылы экологиялық сананы қалыптастыруға және қоғам назарын тұтынушылық мәдениеттің қоршаған ортаға тигізетін әсеріне аударуға болады. Демек, ғалымның тәжірибесі шығармашылық қызмет пен экологиялық жауапкершіліктің өзара тығыз байланысын көрсетеді.
Қатысушылар, педагогтар мен студенттер халықаралық ғылыми тәжірибемен танысып, қолөнер педагогикасының білім беру жүйесіндегі маңызы жөнінде тың ақпарат алды. Бүгінгі дәрістің маңыздылығы да осында.
«Abai University» медиа орталығы