БИОЛОГИЯЛЫҚ БІЛІМ БЕРУДІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

БИОЛОГИЯЛЫҚ БІЛІМ БЕРУДІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгін Абай университетінде «Қазіргі биологиялық білім беру мәселелерін зерттеудің перспективалық бағыттары» атты екі күндік халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды. Оған Қазақстан мен шет елдердің жоғары оқу орындары және ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері, ғалымдар, оқытушылар, мектеп мұғалімдері мен жас зерттеушілер қатысып жатыр.

Халықаралық конференция көрнекті ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жұмаділ Шілдебаевтың 80 жылдық мерейтойына арналды. Жиынды ашқан Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова биологиялық білім беруді дамытуда ғылыми зерттеулердің, халықаралық тәжірибе алмасудың және білім-ғылым сабақтастығының маңызын атап өтті. Мерейтой иесіне Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілептің атынан құттықтау хатын жеткізіп,  университеттің «Құрметті ардагер» төсбелгісін кеудесіне тақты.

Пленарлық отырыста Қазақстан, Түркия, АҚШ, Италия, Ресей және Қырғызстан ғалымдары биологиялық білім берудің қазіргі даму үрдістері мен перспективаларына арналған зерттеулерін ортаға салды. Атап айтқанда, Түркияның Нийде Омер Халисдемир университетінің профессоры Зелиха Селамоглу қоршаған орта факторларының молекулалық үдерістерге әсері мен эпигенетика мәселелерін қарастырды. АҚШ-тың Гарвард медициналық мектебінің оқытушысы Мудасир Ахмад Хандай ұйқы мен сергектіктің нейрондық реттелуін баяндаса, Мәскеу қалалық педагогикалық университетінің профессоры Сергей Суматохин биология пәніне арналған цифрлық адаптивті оқулықтағы жасанды интеллект мүмкіндіктерін таныстырды. Бұдан бөлек, конференцияда климаттың өзгеруі мен тұрақты ауыл шаруашылығы, биоалуантүрлілікті сақтау, Қазақстандағы киік популяциясының қазіргі жағдайы, өсімдіктерді биологиялық қорғаудың заманауи әдістері және жаратылыстану пәндерін оқыту сапасын арттыру жайында сөз болды.

Жаратылыстану және география факультетінің деканы Думан Алиасқаров «Ғылым мен білімге арналған ғұмыр» тақырыбында баяндама жасап, ғалымның ғылыми-педагогикалық қызметі мен білім саласына қосқан үлесіне тоқталды. Ғылыми-практикалық жиында «TeachLab: үздік ұстаз тәжірибесі» бөлімі педагогтардың кәсіби тәжірибе алмасуына арналды. Мұнда мектеп мұғалімдері Lesson Study, STEAM технологиялары және биология пәнін оқытуда жасанды интеллект құралдарын қолдану бойынша тәжірибелерін бөлісті.

Пленарлық мәжілістен кейін конференция жоғары оқу орны мен орта білім беру ұйымдарындағы биологиялық білім берудің өзекті мәселелері, биоалуантүрлілікті сақтау және тұрақты даму мақсаттары, жас ғалымдардың зерттеулері бағытындағы төрт секция бойынша жалғасты.

Халықаралық конференция жұмысы ертең де жалғасын табады. Қорытындысында арнайы резолюция қабылданады деп күтілуде. Құжатта биологиялық білім берудің ғылыми-әдістемелік негіздерін жетілдіру, озық халықаралық тәжірибені тарату және отандық ғылым мен білімнің ықпалдастығын нығайтуға бағытталған ұсыныстар қамтылмақ.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту