МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕЛІСІМІНЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕЛІСІМІНЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Бүгін Абай университетінде мемлекеттік қызмет саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған кездесу өтті. Іс-шарада ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы қаласы бойынша филиалы және Абай университеті арасында меморандумға қол қойылды.

Аталған келісімнің басты мақсаты – мемлекеттік қызмет саласындағы өзара іс-қимылды дамыту, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және студенттердің мемлекеттік қызмет қағидаттары мен құндылықтары туралы түсінігін қалыптастыру. Бұл құжат – жастардың мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттырып, олардың кәсіби бағдарын ерте кезеңнен айқындауға мүмкіндік береді.

Кездесуге ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Алматы қалалық филиалының директоры Айнұр Идиросова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары Шынарай Әлімханқызы арнайы келді. Университет тарапынан Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова, Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Мақсат Жақау қатысты.

Тараптар алдағы уақытта «Мемлекеттік қызметшілер мектебін» құруға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру көзделіп отыр. Атап айтсақ, «Үздік мемлекеттік қызметші», «Мемлекеттік қызмет ардагері» иегерлері және оқу орнының Тәлімгерлік кеңес мүшелері қатысуымен ашық дәріс, тренинг, практикалық сабақ, конференция мен форум өткізу жоспарланған.

Сондай-ақ студенттерге мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасу тәртібін, кандидаттарға қойылатын талаптар мен кәсіби даму мүмкіндіктерін таныстыруға басымдық берілмек. Серіктестіктің негізгі бағыты ретінде болашақ мамандардың тәжірибелік дағдысын жетілдіру мақсатында тағылымдамадан өту, жобалық қызметке және қолданбалы зерттеулерге қатысу жолдары қарастырылған.

Тараптар білім беру мен мемлекеттік басқару саласындағы ашықтықты арттыруға бағытталған әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты. Келісім университет қабырғасындағы білім алушылардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп, мемлекеттік басқару жүйесі туралы түсінігін тереңдетуге және азаматтық жауапкершілігін арттыруға жол ашады. Бұл мемлекеттік қызмет саласына білікті әрі кәсіби даярлығы жоғары жас мамандарды тартуға ықпал етеді деп күтілуде.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту