29.10.2026
Академиялық ұтқырлық аясында магистрант Құралай Ермаханова Түркияда халықаралық іс-шараларға қатысты
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 7M01416 – «Көркем білім, графика және жобалау» білім беру бағдарламасының магистранты Ермаханова Құралай Тұрсыматовна академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Түркия Республикасының Ақдениз университетінде магистратураның 3-семестрінде білім алып жатыр. Ол халықаралық академиялық және мәдени іс-шараларға қатысу арқылы өзінің кәсіби құзыреттерін, көптілді коммуникация және мәдениетаралық қарым-қатынас дағдыларын дамытуда.
2026 жылғы 9–11 қазан аралығында Түркияның Анталья/Сиде қаласында өткен «Ғылым, технология және өнер» халықаралық конгресінде Құралай Ермаханова аудармашы қызметін атқарды. Ол конгрестің бағдарламасы аясында ұйымдастырылған іс-шаралар барысында ағылшын, орыс және қазақ тілдерінен түрік тіліне аударма жасап, халықаралық қатысушылар арасындағы өзара түсіністік пен ғылыми-мәдени байланысты нығайтуға үлес қосты.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 28 қазанда Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасының күндеріне орай Абай университетінің Өнер факультеті музыка бөлімінің докторанттары ұйымдастырған концерттік бағдарламада аудармашы әрі жүргізуші қызметін атқарды. Аталған іс-шара екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға, ұлттық өнерді дәріптеуге және мәдениетаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды басқосу болды.
Құралайдың халықаралық конгрестегі және университеттік мәдени іс-шарадағы қызметі оның кәсіби тәжірибесін кеңейтіп, көптілді ортада еркін коммуникация жасау, аудармашылық және ұйымдастырушылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.
Мұндай тәжірибелер академиялық ұтқырлықтың маңызын арттырып қана қоймай, білім алушылардың халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіне араласуына, кәсіби әлеуетін жетілдіруіне және мәдениетаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті магистрантымыздың кәсіби ізденісіне табыс, оқуына сәттілік және халықаралық академиялық ортада жаңа жетістіктер тілейді!