28.10.2026
ФРАНЦУЗ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ ЗАМАНАУИ ТӘСІЛДЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Сорбонна-Қазақстан институтында «Француз тілін оқытудың заманауи тәсілдері» атты халықаралық семинар өтті. Іс-шара шет тілін оқытудың озық тәжірибелерін талқылап, білім беру үдерісіндегі инновациялық әдістердің маңызын айқындауға бағытталды. Семинар аясында Абай университетінің қосдипломды білім беру бағдарламасының түлектеріне Францияның Лотарингия университетінің дипломдары табысталды.
Қазіргі таңда мамандардың кәсіби дағдыларымен қатар көптілді меңгеруі де заман талабына айналып отыр. Өйткені, шет тілі түрлі мәдени орта өкілдерімен байланыс орнатуға, халықаралық жобаларға қатысуға, кәсіби мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады. Осы тұрғыдан Сорбонна-Қазақстан институты француз және ағылшын тілдерін еркін меңгерген маман даярлау ісіне айрықша көңіл бөледі. Аталған семинарда шет тілін оқыту әдістемесі әлемнің үздік жоғары оқу орындарының озық тәжірибесі ретінде сөз болды.
Шараға Францияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігі ынтымақтастық және мәдени мәселелер жөніндегі кеңесшісі Себастьян де Куртуа, дипломатиялық миссияның ресми өкілі Аньес Буссе, Пуатье университетінің халықаралық саясат жөніндегі вице-президенті Стефан Мотте қатысты. Семинар аясында Абай университетінің «Халықаралық құқық» қос дипломды мамандығы бойынша білім алған түлектері Жәнібек Әскербек пен Айша Айсинаға Лотарингия университетінің дипломы берілді. Бұл – екі мемлекет арасындағы білім мен ғылым салаларындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған серіктестіктің нәтижесі.
Пуатье университеті – Абай университетінің стратегиялық серіктестерінің бірі. Екі жоғары оқу орны ұзақ жылдардан бері бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асырып келеді. Осы ынтымақтастықтың арқасында қосдиплом бағдарламасын сәтті аяқтаған мамандардың қатары жыл сайын толығып, халықаралық талаптарға сай кадр даярлау ісі жүйелі дамуда.
Серіктестік аясында студенттерге ғана емес, оқытушы-профессорлар құрамына да кәсіби, ғылыми тұрғыдан жол ашылған. Академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы оқытушылар өзара тәжірибе алмасып, білім беру саласына заманауи әдістерді енгізуге және бірлескен зерттеу жобаларын жүргізуге атсалысады.
«Abai University» медиа орталығы