28.10.2026
ЖАС ТАЛАПКЕРЛЕР ҚАРА ШАҢЫРАҚҚА ҚОНАҚҚА КЕЛДІ
Бүгін Абай университетінде мектеп оқушыларына кәсіби бағдар аясында кездесу өтті. Zerdeli UBT мектебінен арнайы келген 180-нен астам оқушы университеттің білім беру жүйесімен танысып, қара шаңырақтың тәжірибелі қызметкерлерінен кеңес алды.
Кездесудің басты мақсаты – оқушыларға болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауға бағыт-бағдар беру, олардың қызығушылығы мен қабілеттеріне сай кәсіби жолды анықтауға көмектесу.
Мектеп бітірерде мамандық таңдау – адам өміріндегі маңызды шешімдердің бірі, өйткені ол болашаққа деген сенімділікті қалыптастырып, кәсіби дамуға жол ашады. Осындай кеңес беру кездесулері оқушылардың мамандықтар туралы білімін кеңейтіп, өз таңдауларына жауапкершілікпен қарауына және болашақ мақсаттарын айқындауына мүмкіндік береді. Жастар қарым-қабілетіне қарай, өзі таңдаған мамандыққа оқуға түсуге тырысады. Бұл ретте түрлі жоғары оқу орындарымен танысып, грантқа түсу туралы және ақылы бөлімге түскен жағдайда қамтылатын жеңілдіктермен танысу басты назарда.
Жиын тізгінін Кәсіби бағдар беру және мансапты дамыту департаментінің директоры Алмас Найманбаев ұстады. Түрлі тақырыпта түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, білікті оқытушылар мен декан орынбасарлары оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Мәселен, жоғары оқу орнына түсу кезіндегі шекті балдың өзгеруін, сұранысқа ие мамандықтар тізімін ұсынды.
Іс-шараға белсенді қатысқан оқушының бірі – Алинұр Өмірбек. Бұл университетте мүмкіндіктер көп екенін тілге тиек етіп, таңданысын жасыра алмады.
- Бүгін осы білім ордасында өткен кездесуге келгеніме қуаныштымын. Өзіме керекті ақпараттың бәрін алдым деп айта аламын. Абай университетінде білім алу қызық болып тұр. Мұнда тек педогогикалық білім ғана емес, жастардың бойындағы қабілеті мен талантын ашуға мүмкіндік көп екені таңғалдырды, - деді жас талапкер.
Кездесу барысында оқушылар мамандықтардың ерекшеліктері, түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктері және еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар туралы жан-жақты ақпарат алды. Бұл жастарға еңбек нарығындағы сұранысты ескеріп, болашақ кәсібін саналы түрде таңдауға серпін берді.
«Abai University» медиа орталығы