28.10.2026
ҒАЛЫМ-ҰСТАЗ, ЖАЗУШЫ-ДРАМАТУРГ – 75 ЖАСТА
Бүгін Абай университетінде «Серік Асылбекұлы феномені: көркем сөз, ғылыми таным және ұстаздық мектеп» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Ғибратты жиын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Асылбекұлының 75 жылдық мерейтойына арналды.
Рухани шара көрнекті қаламгердің қазақ әдебиетіне қосқан үлесін, драматургия саласындағы шығармашылық ізденістерін, ғылыми мұрасы мен ұстаздық жолын зерделеуге арналды. Кешке белгілі әдебиеттанушы ғалымдар, ақын-жазушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері, жоғары оқу орындарының өкілдері мен университет оқытушылары қатысты.
Ашылу салтанатында Абай университеті Ректор аппаратының басшысы Жанатбек Ішпекбаев Басқарма Төрағасы-Ректор Болат Тілептің құттықтау хатын жеткізіп, мерейтой иесіне білім ордасының «Абай» төсбелгісін табыстады. Ректор хатында Серік Асылбекұлының әдебиет пен ғылымды ұштастырған шығармашылық жолы, ұлттық сөз өнерін дамытуға қосқан үлесі мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі ұстаздық қызметінің маңызы жазылған.
Кеш барысында қаламгердің шығармашылық мұрасы, драматургиядағы өзіндік қолтаңбасы, көркем шығармаларындағы ұлттық болмыс пен адам табиғатын бейнелеу ерекшеліктері кеңінен сөз болды. Сонымен қатар оның ғылыми-зерттеу еңбектері, әдебиеттану саласындағы ізденістері мен шәкірт тәрбиелеудегі өнегелі жолы туралы ой-пікірлер ортаға салынды.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, театр және кино актері, сахна режиссері Мұрат Ноянбайұлы Серік Асылбекұлының «Желтоқсан желі» драмасына тоқталып, шығармада көрініс тапқан үш буынның дүниетанымы мен ұлттық санасына талдау жасады. Оның пайымдауынша, шығармадағы бірінші буын – кеңестік қуғын-сүргін мен соғыс қасіретін бастан өткерсе де, ұлттық құндылықтарын сақтап қалған аға ұрпақ. Екінші буын – коммунистік идеологияның ықпалына түсіп, мансап пен билікті ұлт мүддесінен жоғары қойған жүйе өкілдері. Ал үшінші буын – Желтоқсан көтірілісінде алаңға шығып, ұлттық намысы мен азаматтық ұстанымын танытқан, азаттық пен тәуелсіздікті аңсаған жастар. Ақмарал бастаған жастардың бейнесі арқылы автор тоталитарлық жүйенің қысымына қарамастан, өз құқығы мен ұлттық намысын қорғауға ұмтылған жаңа буынның рухын көрсетеді. Драмадағы ұрпақтар сабақтастығы мен олардың көзқарас қайшылығы сол кезеңнің тарихи шындығы ретінде көркемдік тұрғыдан берілген.
Мерейтой иесіне ізгі тілек білдіргендердің қатарында белгілі ғалым әрі әдебиет сыншысы Жанғара Дәдебайұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов, хатшысы Қансейіт Әбдезұлы және әдебиет, ғылым мен өнер саласының өзге де көрнекті өкілдері болды.
Әдеби-танымдық кеш Серік Асылбекұлының шығармашылығын тереңірек тануға жол ашып, рухани мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын айқындап бергендей.
Серік Асылбекұлы 1973 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы. драматург, филология ғылымдарының докторы. Бүгінгі таңда ҚазҰПУ-да оқытушылық қызмет атқарып келеді. 80-нен аса ғылыми-зерттеу мақалаларының авторы.
«Abai University» медиа орталығы