28.10.2026
ГОНКОНГТА УНИВЕРСИТЕТ КӨШБАСШЫЛАРЫНЫҢ ЖАҺАНДЫҚ САММИТІ ӨТТІ
27-28 қазан күндері Қытайдың Гонконг қаласында «Global University Presidents and Leaders Summit 2026» саммиті өтіп жатыр. Әлемнің 20 елінен 50-ден астам университет басшылары бас қосып, білімді жаһандандыру және адамзаттың тұрақты даму мәселелерін талқылады. Аталған саммитке Абай университетінің Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан қатысып жатыр.
Жаһандық саммит Гонконгтың Сыртқы байланыстар қауымдастығы ұйымдастыруымен екі күнге жоспарланған. Дүниежүзінің 50-ден астам жоғары оқу орны президенттері мен басшылары бас қосатын жиын екінші мәрте өткізіліп отыр. Саммиттің күн тәртібінде Солтүстік мегаполис университеттік кампустарды дамыту, сондай-ақ мемлекеттік органдар, бизнес, ғылым және білім беру салалары арасындағы тығыз ынтымақтастықты нығайту мәселелері қарастырылды.
Саммиттің ашылу салтанатында Гонконгтың әкімшілік басшысы Джон Ли Солтүстік мегаполис жобасының алғашқы бесжылдық жоспары екенін атап өтті. Яғни, жоба аясында білім беру, технологиялар, өнеркәсіп, адами капитал және қалалық даму бағыттарын біріктіретін үш университеттік кампус құру жоспарланған. Аталған тәжірибені әлемнің өзге елдері мен қалаларында жүзеге асыру тетіктері мен мәселелері де назардан тыс қалмады.
Жаһандық білімді біріктіру және университеттердің индустриямен ынтымақтастығына арналған алғашқы сессиясында Абай университетінің Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан баяндама жасады. Ол «Тұрақты дамудың негізі ретіндегі жаһандық педагогикалық білім беру: қазақстандық модель және халықаралық әріптестік» тақырыбында сөз қозғады. Проректор тұрақты дамудың негізі ретінде жаһандық педагогикалық білім берудің маңызын атап өтіп, халықаралық педагогикалық білім беру платформасын құру туралы ұсыныс білдірді.
Саммит жоғары білім беру жүйесін трансформациялау, университеттердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және білім беру, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеру мәселелерін қамтыды. Талқылаулар халықаралық академиялық ықпалдастықты тереңдету мен тұрақты даму мақсаттарына сай білім беру экожүйесін қалыптастырудың өзектілігін көрсетті.
«Abai University» медиа орталығы