ӨЗБЕКСТАН УНИВЕРСИТЕТТЕРІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТЫП КЕЛЕДІ

ӨЗБЕКСТАН УНИВЕРСИТЕТТЕРІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТЫП КЕЛЕДІ

27-28 қазан күндері Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында Орталық Азия халықаралық білім беру форумы өтіп жатыр. Халықаралық басқосу Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанның білім, ғылым және инновация салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған. Форумға Абай университетінің Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Айгүл Искакова және Сауықтыру-спорт кафедрасының меңгерушісі, PhD Айдын Дошыбеков қатысып жатыр.

Халықаралық форум аясында жоғары білім берудің өзекті мәселелері, академиялық ұтқырлықты кеңейту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, инновациялық бастамаларды қолдау және озық тәжірибелермен алмасу бағыттары талқыланып жатыр. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының халықаралық әріптестігін жаңа деңгейге көтеру, білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіру және ғылыми-зерттеу қызметінің тиімділігін арттыру мәселелеріне айрықша назар аударылды.

Форум аясында Абай университеті мен Өзбекстанның Дене шынықтыру және спорт ұлттық университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған құжат екі жоғары оқу орны арасындағы өзара серіктестікті нығайтуға және білім беру мен ғылыми-зерттеу салаларындағы байланысты жүйелі түрде дамытуды көздейді. Сондай-ақ Наманган мемлекеттік техникалық университетінің өкілдерімен де өзара түсіністік туралы келісім жасалды.

Бүгінде жоғары білім беру саласындағы халықаралық әріптестік университеттердің даму стратегиясын іске асыруда, білім беру бағдарламаларын жаңартуда және ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыруда ерекше маңызға ие. Орталық Азия мемлекеттерінің жоғары оқу орындары арасындағы байланыстарды нығайту өңірлік білім беру кеңістігін дамытуға, ортақ ғылыми мәселелерді бірлесіп шешуге және халықаралық академиялық ықпалдастықты тереңдетуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Өзбекстанның Дене шынықтыру және спорт ұлттық университеті – дене шынықтыру, спорт саласында мамандар даярлайтын жетекші білім ордасы. Ал Наманган мемлекеттік техникалық университеті инженерия, техникалық ғылымдар және инновациялық технологиялар бағытында білім беру мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асырады. Аталған университеттермен орнатылған әріптестік халықаралық серіктестікті кеңейтуге, білім беру және ғылыми-зерттеу саласындағы тәжірибе алмасуды дамытуға, бірлескен жобаларды іске асыруға жол ашады.

 

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту