ФУДАНЬ УНИВЕРСИТЕТІМЕН АКАДЕМИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТА ТҮСПЕК

ФУДАНЬ УНИВЕРСИТЕТІМЕН АКАДЕМИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АРТА ТҮСПЕК

Бүгін Абай университетінде Қытайдың Фудань университеті өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуде қос тарап жоғары білім беру саласындағы өзара ынтымақтастықты нығайту, академиялық тәжірибе алмасу, шет тілдерін оқыту бойынша әріптестікті дамыту жайлы пікір алмасты.

Басқосудың басында екі университет өкілдері өз оқу орындарының қызметі, білім беру бағыттары мен академиялық әлеуетін таныстырды. Аспан асты елінің делегациясы білім беру мен ғылыми-академиялық байланыстарды кеңейту мәселелерін қозғады. Әсіресе филология бағытында ынтымақтастыққа басымдық беріп, қытай және орыс тілдерін оқыту әдістемесін жетілдіру, оқытушылардың кәсіби тәжірибе алмасуын ұйымдастыру туралы пікірлерін ортаға салды.

Жиында сөз алған Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова филология мен лингвистика салаларындағы академиялық ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Педагогикалық қара шаңырақтың аталған бағытта мол тәжірибесі мен білім берудегі озық әдіснамалары көрсетіліп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ашық екенін жеткізді.

Ресми кездесуден соң университет студенттеріне арналған ақпараттық сессия ұйымдастырылды. Білім алушыларға қос бірдей оқу орнының тың жобалары мен академиялық ұтқырлық аясында тәжірибе алмасу мүмкіндіктері туралы сөз болды.

Айта кетейік, Фудань университеті – 1905 жылы Қытайдың Шанхай қаласында негізі қаланған жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Білім ордасы Қытайдың ең беделді университеттерін біріктіретін «C9 League» қауымдастығының мүшесі. Оқу орны білім беру сапасының жоғары деңгейімен, ғылыми-зерттеу қызметінің ауқымдылығымен және халықаралық академиялық кеңістіктегі беделімен ерекшеленеді. Мұнда заманауи білім беру тәсілдерін дамытуға, іргелі және қолданбалы зерттеулерді ілгерілетуге, сондай-ақ халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға ерекше мән беріледі.

Фудань университетінің әлемдік білім беру кеңістігіндегі жоғары орны халықаралық рейтингтер нәтижесімен де айқындалған. «QS World University Rankings 2026» рейтингінде 30-орынға, ал «Times Higher Education (THE) World University Rankings 2026» рейтингінде 36-орынға ие. Бұл көрсеткіштер университеттің академиялық әлеуетін, ғылыми жетістіктерін және жаһандық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін айғақтайды.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту