27.10.2026
ФРАНЦИЯ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Бүгін Абай университетінде Франция жоғары оқу орындарының өкілдері қонақта болды. Басқосуда екі мемлекет арасында білім беру саласындағы халықаралық серіктестікті дамыту және академиялық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.
Кездесуге Францияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігі ынтымақтастық және мәдени мәселелер жөніндегі кеңесшісі Себастьян де Куртуа мен Елшіліктің ресми өкілі Аньес Буссе және Пуатье университетінің халықаралық саясат жөніндегі вице-президенті Стефан Мотте келді. Франциялық делегацияны Академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова бастаған топ қарсы алды.
Тараптар жоғары білім беру саласындағы халықаралық әріптестікті дамыту мәселелерін қарастырды. Атап айтқанда, екі университеттің академиялық байланысын кеңейту, білім беру және ғылыми өзара іс-қимылды нығайту мүмкіндіктеріне назар аударылды.
Халықаралық ынтымақтастықты дамыту Абай университетінің стратегиялық басымдықтарының бірі. Білім ордасының шетелдік жоғары оқу орындарымен байланысты нығайтуға бағытталған жұмыстары білім беру сапасын арттыруға, жаһандық академиялық ортаға ықпалдасуға және озық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Кездесу соңында бірлескен жобаларды нәтижелі жүзеге асыруға бағытталған келіссөздер жүргізіліп, естелік суретке түсті.
Айта кетейік, Пуатье университеті – Абай университетінің стратегиялық серіктесі. Ұзақ жылдар бойы бірлескен білім беру бағдарламасын жүзеге асырып, қос дипломды бітіруші түлектер қатары артып келеді. Сондай-ақ оқытушы-профессорлар қауымы да академиялық алмасу негізінде тәжірибе жинап, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Бұл – көпжылғы орнатылған тығыз байланыстың ілкімді жемісі. Бүгінгі кездесу алдағы уақытта бірлесе атқаратын іргелі жобаларды іске асыруға серпін берері анық.
«Abai university» медиа орталығы