27.10.2026
«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ
Бүгін Абай университетінде «Таза Қазақстан» экологиялық апталығы басталды. Математика және физика факультеті мен Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің ерікті мыңға жуық студенті апталықты жаңа леппен бастап берді. 27-30 қазан аралығында өтетін апталыққа оқу орнынан 10 мыңға тарта білім алушы атсалысады деп күтілуде.
Экологиялық маңызды бастаманың негізгі мақсаты – жастардың табиғатқа, қоғамға және өз болашағына деген жауапкершілігін арттыру, студенттік ортада экологиялық мәдениет пен жанашырлықты қалыптастыру.
Тазалық барысында жас буын қоршаған ортаны құрметтеуді үйренеді, тазалық қызметкерлерінің еңбегін бағалайды және күнделікті өмірде қалдықтарды сұрыптау сияқты пайдалы эко-әдеттерді бойына сіңіреді. Сондай-ақ бұл акция жастардың азаматтық белсенділігі мен патриотизмін арттыруға бағытталған. Өз кампусын, көшесін, қаласын ретке келтіру арқылы студенттер туған өлкесінің көркеюіне, тазалықты сақтауға үлес қосады.
Апталықтың алғашқы күнінен-ақ белсенділік танытқан Математика және физика факультетінің 1-курс студенті Әскербек Шоқан еліміздің экологиялық тазалығы университетімізді таза ұстаудан басталатынын айтады.
– Ең біріншіден, еліміздің экологиясына үлес қосу – әр адамның отан алдындағы борышындай, маңызды міндет. Ол өзіміз тұратын үйден, білім алып жатқан оқу орнынан басталады. Бұл жердің тазалығын сақтау, қоқыс тастамау, экологияны бүлдірмеу қасиетті борышымыз деп білеміз, – дейді білім алушы.
Акция аясында ерікті студенттер Абай университетінің Алматы қаласы Төле би көшесі, 86 мекенжайында орналасқан оқу кампусында сарғайған жапырақ үйінділерін жинап, қоқыстардан тазартты. Сондай-ақ қоқыстарды тиімді өңдеуге бағытталған «Қағаз, пластик, шыны, метал» үлгісінде жинайтын экологиялық бастаманың көпшілікке түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Апталық алдағы күндері Абай университетінің Тарих және құқық факультетінде, Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық факультетінде жалғасын тауып, Бас ғимарат кампусында аяқталады.
«Abai University» медиа орталығы