23.10.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ МЕМЛЕКЕТТІК МАРАПАТҚА ИЕ БОЛДЫ
Бүгін Астанада Республика күні мерекесіне арналған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің салтанатты іс-шарасы болып өтті. Салтанатты жиында Абай университетінің ғалымдарына мемлекеттік награда табыс етілді.
Республика күні мерекесіне арналған министрліктің салтанатты жиынына еліміздің жоғары оқу орны басшылары мен белгілі ғалымдар қатысты. Мерекелік шараны ашқан ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек білім-ғылым қызметкерлерін ұлық мерекемен құттықтап, жоғары білім беру саласының ел болашағын өркендетудегі маңызы туралы айтты.
– Президентіміз атап өткендей, адам капиталын дамыту – еліміздің конституциялық міндеті. Ата Заңда адам капиталын, білім беру жүйесін, ғылымды және серпінді инновацияларды дамыту басымдықтарының жоғары конституциялық деңгейде бекітілуі – маңызды қадам. Бұл ел дамуының жаңа бағдарларын айқындап, оның өзегіне адамды, оның білімі мен кәсіби құзыреттерін, зияткерлік әлеуетін толық іске асыру мүмкіндігін қояды. Отандық ғылым мен жоғары білім саласы үшін бұл өзгерістер сапалы кадрлар даярлауға, заманауи ғылыми-зерттеу ортасын дамытуға және озық инновацияларды енгізуге қолайлы экожүйе қалыптастыруға бағытталған жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді, – деді министр.
Мерекелік басқосуда ғылым және жоғары білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды. Оның ішінде «Құрмет» ордені, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі, «Қаныш Сәтбаев», «Жоғары білім беру саласына қосқан үлесі үшін» және «Еңбек ардагері» секілді түрлі деңгейдегі наградалар бар.
Мемлекеттік награда иегерлерінің арасында Абай университеті Ардагерлер кеңесінің төрағасы, саналы ғұмырын қасиетті қара шаңырақта шәкірт тәрбиелеуге арнаған педагогика ғылымдарының докторы, профессор Берікжан Айтқұлұлы мен осы университетті тәмамдағаннан кейін қарапайым оқытушыдан бастап декандық қызметке дейін көтеріліп, тапжылмай сан жылдар еңбек еткен география ғылымдарының докторы, профессор Күләш Каймулдинова бар. Берікжан Айтқұлұлы ғылым саласындағы республикаға сіңірген зор еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алса, Күләш Каймулдинова ғылым мен білім беруді дамытудағы еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.
Қос ғалымның бұл жетістіктері Абай университетіндегі әріптестері үшін зор мақтаныш сезімін тудырса, шәкірттері үшін үлкен өнеге екен сөзсіз.
«Abai University» медиа орталығы