23.10.2026
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ МЕҢГЕРГЕН ОҚЫТУШЫЛАРҒА СЕРТИФИКАТ ТАБЫСТАЛДЫ
Бүгін Абай университетінде ЖИ және цифрлық технологияларды үйрету мақсатында ұйымдастырылған «Оқытушының цифрлық құралдары: Abai Digital және Microsoft 365» курсын аяқтаған 46 оқытушыға сертификат берілді. Оқу бағдарламасы педагогтардың цифрлық сауатын жетілдіруге, заманауи технологияларды кәсіби қызметте тиімді пайдалануға және білім беру үдерісіне жаңа құралдарды енгізуге бағытталған. Курсты университеттің жауапты мамандары мен «Microsoft» компаниясының Орталық Азия және Пәкістандағы білім беруді дамыту бағытының жетекшісі Данияр Жұмабеков жүргізді.
Бағдарлама барысында қатысушылар «Abai Digital» платформасының мүмкіндіктерін пайдалану, «Microsoft 365» құралдарымен жұмыс істеу, оқу материалдарын әзірлеу мен білім беру үдерісін ұйымдастыру тәсілдерін үйренді. Практикалық сабақтарда цифрлық сервистерді күнделікті педагогикалық қызметте қолдану жолдары көрсетілді.
Курстың маңызды бағыттарының бірі – жасанды интеллект технологиялары екені анық. Оқытушылар «ChatGPT» секілді құралдардың көп маман ескере бермейтін мүмкіндіктерімен танысып, оларды сабақ жоспарларын әзірлеу, оқу материалдарын дайындау, тапсырмалар құрастыру мен ақпаратты жүйелеу барысында пайдалану тәсілдерін меңгерді. Мұндай технологиялар уақытты үнемдеуге, күнделікті жұмысты оңтайландыруға, білім беру мазмұнын жетілдіруге көмектеседі. Сонымен қатар ЖИ нәтижелерін сыни тұрғыдан бағалау, ақпараттың дұрыстығын тексеру, академиялық адалдық қағидаларын сақтау мәселелеріне де назар аударылды. Теориялық білім практикалық тапсырмалармен ұштастырылып, қатысушыларға жаңа сервистерді нақты жұмыс жағдайларына сынап көруге мүмкіндік берілді.
– Курс өте мазмұнды және тәжірибе жүзінде өткені қызық болды. Арттырған білімім мен дағдылар күнделікті кәсіби қызметте өте пайдалы деп есептеймін. Бұл курс оқытушылардың цифрлық құзыреттілігін арттыруға ықпал етті, – дейді Академик С.Қирабаев атындағы Қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы, PhD Өркен Иманғали.
Оқу барысында «Abai Digital» және «Microsoft 365» платформаларында жұмыс істеу, оқу үдерісін цифрландыру, құжаттармен онлайн жұмыс істеу, жасанды интеллект құралдарын қолдану бойынша жаңаша білім берілді. Сондай-ақ, «Microsoft 365» бағдарламасында Word, Excel, PowerPoint және Forms онлайн форматтарын тиімді пайдалану жөнінде айтылды. Copilot ЖИ-дің мүмкіндіктері, «Teams» платформасында бірлескен жұмыс жүргізу дағдылары көрсетіліп, қатысушылар үшін берілген білім мен дағды олардың күнделікті жұмыстарына тың серпін бергені анық.
Абай университеті білім беру сапасын арттыру мен оқытушы-профессорлардың кәсіби құзыреттілігін дамыту мақсатында жаңа технологияларды игеруге ерекше мән беріп отыр. Осы бағыттағы бастамалар университеттің цифрлық білім беру ортасын жетілдірумен қатар, оқытушылар мен студенттердің заманауи талаптарға сай дамуына жол аша түспек.
«Abai University» медиа орталығы