БЕЙЖІҢ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ ШУЯ ВЭЙ ӨНЕР ФАКУЛЬТЕТІНЕ ҒЫЛЫМИ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ САПАРМЕН КЕЛДІ

БЕЙЖІҢ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ ШУЯ ВЭЙ ӨНЕР ФАКУЛЬТЕТІНЕ ҒЫЛЫМИ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ САПАРМЕН КЕЛДІ

2026 жылғы 19 қазанда Қытайдың Бейжің ғылым және технология университетінің (University of Science and Technology Beijing) профессоры, PhD докторы Шуя Вэй (Shuya Wei) Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер факультетіне ғылыми-педагогикалық сапармен келді. Ғалымның сапары 2026 жылғы 17 қарашаға дейін жалғасады, елге қайтуы осы күнге жоспарланған. Сапар мәдени мұраны зерттеу және сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, ғылыми тәжірибе алмасуға және білім алушылардың кәсіби құзыреттерін жетілдіруге бағытталған.

Профессор Шуя Вэй — өнер туындыларының материалдары мен технологияларын зерттеу және мәдени мұраны сақтау саласының маманы. Ғалым Ұлыбританиядағы Лондон университеттік колледжінде білім алып, АҚШ-тағы Гетти консервация институтында тағылымдамадан өткен, Австриядағы Вена техникалық университетінде докторлық дәрежесін алған. Оның ғылыми қызметі өнер тарихын, жаратылыстану ғылымдарын және мәдени мұраны сақтау тәжірибесін ұштастырады.

Өнер факультетінің оқытушыларына, бакалавриат, магистратура және докторантура білім алушыларына арналған бағдарламада Дуньхуан қабырға кескіндемесіне ерекше назар аударылады. «Дуньхуан қабырға кескіндемесі: буддалық бейнелеу өнерінің тарихи дамуы» және «Дуньхуан мұрасын сақтау: қабырға кескіндемесінің жай-күйін диагностикалаудан превентивті консервацияға дейін» тақырыптары аясында көркем бейнелердің қалыптасуы, олардың тарихи ерекшеліктері, зақымдану себептері және алдын ала қорғау тәсілдері қарастырылады.

Дәрістердің келесі бағыты Қытайдың дәстүрлі сәулеттік сәндік кескіндемесі — Цайхуа өнеріне арналған. Сабақтарда оның тарихы, стильдік ерекшеліктері мен мәдени мағынасы, сондай-ақ сәулеттік кескіндемеде қолданылатын материалдарды ғылыми зерттеу мәселелері талқыланады. Бұл тақырыптар көркемдік талдау мен материалтанулық зерттеудің өзара байланысын түсінуге мүмкіндік береді.

Бағдарламада ежелгі Қытайдың лакталған бұйымдарының шығу тегі, дамуы, жасалу шеберлігі және мәдени мұрасы да қамтылған. Жеке дәрісте осы бұйымдарды жасауда қолданылған материалдар мен технологияларды ғылыми тұрғыдан зерттеу мәселелері қарастырылады. Сонымен қатар, қолдан жасалған қағаз бен қытай тушінің қасиеттерін зерттеу, мәдени мұраны зерделеуде қолданылатын ғылыми әдістер мен технологиялар таныстырылады.

Сапар аясында магистранттар мен докторанттарға ғылыми кеңес беру, оқытушыларға арналған семинарлар ұйымдастыру және Қазақстанның көркем мұрасын зерттеу мен сақтау бойынша бірлескен ғылыми мақалалар дайындау жоспарланған. Ғалым өнер саласындағы білім беру конференциясына «Цинчжоу музейіндегі буддалық мүсіндерді сипаттау және виртуалды қалпына келтіру» тақырыбында баяндама ұсынған.

Аталған ғалым Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2026 жылғы 21 мамырдағы №242 бұйрығын іске асыру шеңберінде алыс шетелдің жетекші университеттерінен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне шақырылған шетелдік ғалымдардың бірі болып табылады.

Профессор Шуя Вэйдің Өнер факультетіне сапары мәдени мұраны зерттеудің пәнаралық тәсілдерімен танысуға, өнертану мен ғылыми талдау арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Жоспарланған іс-шаралар факультеттің халықаралық ғылыми байланыстарын кеңейтіп, білім беру мен зерттеу саласындағы ұзақмерзімді серіктестікті дамытуға ықпал етеді.

Артқа қайту