ТАҒЫЛЫМДАМАДА ЖҮРГЕН ЗАДАР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

ТАҒЫЛЫМДАМАДА ЖҮРГЕН ЗАДАР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Абай университетінде «Erasmus+» халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Хорватияның Задар университетінің профессоры Рафаэла Божич бастаған білім алушылармен кездесу өтті. Кездесуде шетелдік қонақтарға Қазақстан жоғары білімі қара шаңырағының тарихы, білім беру жүйесі, ғылыми жетістіктері және халықаралық ынтымақтастық бағыттары жан-жақты таныстырылды.

Жиында Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректор Айгүл Искакова және Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Баян Сапарғалиева қонақтарға 1928 жылы негізі қаланған қара шаңырақтың даму кезеңдері туралы кеңінен мәлімет берді. Ғасырға жуық тарихы бар білім ордасының отандық педагогикалық білім беру жүйесін қалыптастырудағы рөлі, білікті мамандар даярлау тәжірибесі мен ғылыми-педагогикалық әлеуеті ерекше аталды. Сонымен қатар, шетелдік делегация университеттің заманауи білім беру бағдарламаларымен, ғылыми-зерттеу бағыттарымен және студенттердің кәсіби дамуына арналған академиялық мүмкіндіктерімен танысты. Жоғары оқу орнының халықаралық білім беру кеңістігіндегі орны мен шетелдік университеттермен қалыптасқан серіктестік байланыстарына назар аударылды.

Бұдан бөлек, Абай университетінің «Erasmus+» бағдарламасы, халықаралық ғылыми жобалар және шетелдік жоғары оқу орындарымен академиялық алмасу бағытындағы жұмыстары туралы ақпарат ұсынылды. Университет халықаралық серіктестікті дамыту арқылы білім беру сапасын жетілдіруге, ғылыми зерттеулердің ауқымын кеңейтуге және болашақ мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық береді.

Задар университетінің профессоры Рафаэла Божич Қазақстанға алғаш рет келгендерін айтып, екі жоғары оқу орнының білім алушылары мен оқытушылары арасында тәжірибе алмасудың маңызын атап өтті.

– Қазақстанға алғаш рет келіп отырмыз. Сіздердің студенттеріңізбен және оқытушыларыңызбен тәжірибе алмасып, олардың жұмысымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алғанымызға қуаныштымыз. Қызықты дәрістер тыңдадық, сонымен қатар Қазақстан туралы да көп мағлұмат алдық, – деді ол.

Хорватиялық студенттер Карло Йованович пен Матеа Мустапич те сапардан алған әсерлерімен бөлісті. Олардың айтуынша, университеттегі тіл үйренуге арналған бағдарламалар, қазақ тілі мен мәдениетіне деген қызығушылық және Алматының табиғаты ерекше әсер қалдырған.

– Маған университетте түрлі тілдерде білім алуға арналған бағдарламалар мен мүмкіндіктердің көп екені ұнады. Бізді қазақ тілі мен мәдениеті қатты қызықтырады. Сондай-ақ жасыл желекке оранған Алматы, қаладағы ағаштардың көптігі ерекше әсер қалдырды. Студенттеріңіздің бізді жылы қарсы алып, қонақжайлық танытуына риза болдық, – деп алғысын жеткізді хорваттық білім алушылар.

Задар университетінен қара шаңыраққа академиялық тағылымдамадан өтуге бір топ білім алушы келгені белгілі. Қазір олар түрлі жобаларға қатысып жүр. Хорваттықтардың сапары бірінші қарашаға дейін жалғасады.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту