МӘДЕНИ МҰРА ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ТАШКЕНТТЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДИАЛОГ

МӘДЕНИ МҰРА ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ: ТАШКЕНТТЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДИАЛОГ

2026 жылғы 21–23 қазан аралығында Ташкент қаласында (Өзбекстан Республикасы) «Дәстүрлі қауымдастықтар және жасанды интеллект» атты халықаралық семинар өтуде. Аталған іс-шараға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер факультетінен педагогика ғылымдарының кандидаты, Көркем білім кафедрасының профессоры Ж. Н. Шайгозова және педагогика ғылымдарының кандидаты, Музыкалық білім және хореография кафедрасының профессоры Лаура Какимова қатысуда.

Іс-шараны ұйымдастырушы — «Айгине» мәдени-зерттеу орталығы (Қырғыз Республикасы). Өзбекстанның Мәдениеттану және материалдық емес мәдени мұра институтының базасында өтіп жатқан семинар дәстүрлі мәдени тәжірибелерді зерттеу, құжаттау және сақтау барысында жасанды интеллектіні қолдану мәселелеріне арналған.

Көркем білім кафедрасының профессоры Ж. Н. Шайгозова дәстүрлі қауымдастықтар мен жасанды интеллектінің өзара байланысы, мәдениетті зерттеуде цифрлық технологияларды пайдалану және материалдық емес мәдени мұраны сақтау мәселелері бойынша кәсіби пікір алмасуға қатысуда.

Музыкалық білім және хореография кафедрасының профессоры Лаура Какимова «Педагог-музыкант және жасанды интеллект» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада музыкалық дәстүрлерді жасанды интеллект құралдары арқылы түсіндірудің дәйектілігі және мәдени мұраны жеткізудегі педагогтің рөлі қарастырылды. Қазақ күйі, дәстүрлі ән және ғұрыптық музыка мысалында мәдени мәнмәтіннің ықтимал бұрмалануы, дереккөздерді тексеру қажеттілігі, өңірлік және орындаушылық ерекшеліктерді сақтау мәселелері талқыланды.

Баяндамада «Жасанды интеллект — педагог-музыкант — білім алушы» өзара әрекеттесу моделіне ерекше назар аударылды. Бұл модельде педагог цифрлық материалдарға сараптамалық баға беріп, шығармалардың көркемдік мағынасын түсіндіреді және жанды орындаушылық тәжірибені жеткізеді.

Өнер факультеті өкілдерінің семинарға қатысуы ғылыми тәжірибе алмасуға, көркем білім беру және мәдени мұраны сақтау салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Артқа қайту