Жыраулар мұрасы және ұлттық таным: Абай университетінде лингвистикалық ғылыми семинар өтті

Жыраулар мұрасы және ұлттық таным: Абай университетінде лингвистикалық ғылыми семинар өтті

21 қазан күні сағат 10:00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Маңғыстау жыраулары поэтикасындағы метатанымдық модельдер: жаратылыс, өлім және «Мен» концепті» тақырыбында лингвистикалық ғылыми семинар өтті. Ұлттық сөз өнерінің танымдық тереңдігін заманауи тіл білімі аясында пайымдауға арналған іс-шараға кафедраның профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, магистранттар және шақырылған қонақтар қатысты.

Ғылыми кездесудің қадірлі қонағы – Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бибайша Нұрдәулетова. Ғалымның баяндамасы Маңғыстау жырауларының поэтикалық мұрасындағы жаратылыс, өлім және «Мен» концептілерін метатанымдық тұрғыдан қарастыруға арналды.

Семинар тақырыбы жыраулар шығармаларында өрнектелген адам мен әлем, өмірдің мәні, болмыс пен өзіндік таным мәселелерін өзара сабақтастықта зерделеуге бағытталды. Жыраулық поэзиядағы сөз қолданысы мен бейнелі ойлау жүйесін осы қырынан пайымдау ұлттық дүниетанымның тілдік табиғатын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл ретте дәстүрлі мұра өткеннің көркем шежіресі ғана емес, бүгінгі ғылыми ізденістерге арқау болатын құнды таным көзі ретінде танылады.

Кездесудің білім алушылар үшін де тағылымдық маңызы зор болды. Белгілі ғалымның зерттеу бағытымен танысу, көркем мәтінді ғылыми тұрғыдан пайымдау жолдарын зерделеу студенттер мен магистранттардың зерттеушілік ойлауын дамытуға негіз қалайды. Ұлттық мұраға жаңаша сұрақ қойып, оның астарындағы мағыналарды іздеуге ұмтылу жас зерттеушілердің ғылымға қызығушылығын арттырып, кәсіби ізденісіне бағдар береді.


Ғылымдағы сабақтастық осындай мазмұнды кездесулер арқылы жалғасады. Тәжірибелі ғалымның ізденіс жолы, ұлттық сөз өнеріне деген құрметі мен ғылыми ұстанымы жас ұрпаққа үлгі болып, олардың білімге құштарлығын тереңдете түседі. Алдағы уақытта да осындай ғылыми-танымдық іс-шаралардың ұйымдастырылуы ұлттық мұраны қадірлейтін, оны жаңа ғылыми деңгейде зерделеуге ұмтылатын жас зерттеушілердің қалыптасуына ықпал етеді.

Семинар соңында ғалым Бибайша Нұрдәулетоваға университет басшылығы мен ұйымдастырушылар атынан ұлттық мұраны зерттеуге қосқан үлесі және ғылыми тәжірибесімен бөліскені үшін алғыс білдірілді. Құрметті қонаққа алғыс хат пен Абай университетінің естелік сыйлықтары табысталды.

Іс-шараны ұйымдастырып, жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен Қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Е. Қасеновқа, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Ө. Есеноваға және PhD, қауымдастырылған профессор Г.Е. Дюсембинаға алғыс білдіреміз. Ғылыми сабақтастықты нығайтып, жас ұрпақтың ізденіске деген ынтасын арттыратын осындай кездесулердің алдағы уақытта да жалғасын табарына сенім білдіреміз.

Артқа қайту