ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

Бүгін Абай университетінде Ғылыми кеңестің кезекті мәжілісі өтті. Онда білім беру сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, университеттің цифрлық инфрақұрылымын жетілдіру және академиялық үдерістерді тиімді ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Мәжілістің күн тәртібіне педагогикалық білім беруді жаңғырту, ғылыми кадрларды даярлау, университеттің ұлттық рейтингтегі көрсеткіштерін жақсарту және цифрлық трансформация бағытындағы жұмыстар енгізілді. Академиялық қызмет жөніндегі проректор Бану Нарбекова педагогикалық білім берудің тұжырымдамасын іске асыру бағыттары туралы баяндама жасап, осы саладағы басым міндеттер мен оларды жүзеге асыру жолдарын таныстырды. Баяндама барысында педагогикалық білім беру жүйесін жетілдіру және академиялық қызметтің тиімділігін арттыру мәселелеріне назар аударылды.

Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректор Ертай Сұлтан магистранттар мен докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысты өзектіліктерді ортаға салды. Бірінші курс магистранттарының диссертация тақырыптары мен ғылыми жетекшілері, PhD докторанттардың отандық және шетелдік ғылыми кеңесшілері бекітілді. Сонымен қатар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «ЖЖОКБҰ-дың Ұлттық рейтингісі» жобасы аясында атқарылған жұмыстардың нәтижелері сараланып, алдағы міндеттер талқыланды. Университеттің 2026-2027 оқу жылына арналған цифрлық дайындығы мен «Abai Digital» жүйесін дамыту нәтижелері де мәжілістің күн тәртібінде көтерілді.

Бұдан бөлек, диссертациялық кеңестердің құрамына өзгерістер енгізу, ҚР Президентінің стипендиясына үміткерлерді қарастыру, монографиялар, оқу құралдары мен оқулықтарды баспаға жіберу туралы әртүрлі мәселелер де қаралды. Күн тәртібіндегі әрбір тақырыпқа байланысты тиісті шешімдер қабылданып, жекелеген бағыттар бойынша ескертулер мен ұсыныстар айтылды.

Мәжілістің маңызды сәттерінің бірі – ғылыми жұмыстарын сәтті қорғаған докторанттарға PhD дәрежесі дипломдарын табыстау рәсімі болды. 6D011400 – «Тарих» мамандығы бойынша Жанар Саурықова мен 6D020300 – «Тарих» мамандығы бойынша Ерланбек Жалмағамбетов Басқарма төрағасы-Ректордың қолынан PhD дәрежесін растайтын құжаттарын алды.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту