22.10.2026
«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» МАРАФОНЫ – ЗЕРДЕЛІ ҰРПАҚ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛЫ
Елімізде кітап оқу мәдениетін дамытуға және қоғамның рухани әлеуетін арттыруға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны өтіп жатқаны белгілі. Ауқымды бастамаға еліміздің түкпір-түкпірінен 1,4 миллионнан астам қатысушы тіркелген. Олардың қатарында Абай университетінің студенттері мен қызметкерлері де бар.
Марафон Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында ұйымдастырылып отыр. Жобаның негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, әдебиетті кеңінен насихаттау және зияткерлік әлеуеті жоғары ұрпақ қалыптастыру.
Бірер күн бұрын Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте республикалық марафонның аралық нәтижелері талқыланды. Жиында қатысушылардың белсенділігін арттыру, өңірлердегі жобалық кеңселердің жұмысын үйлестіру және кітап оқу мәдениетін кеңінен тарату мәселелеріне назар аударылды. Оған өз кезегінде «Артық ғылым кітапта» деп тәмсіл қалдырған ұлы хәкімнің атын иеленген Абай университеті де үлес қосып отыр.
Қазірде университетте кітап оқуды рухани дамудың маңызды бөлігіне айналдырған оқытушылар мен студенттер жеткілікті. Солардың бірі Математика және физика факультетінің 2-курс студенті Назерке Сәрсебай. Оның бұл қадамы кітап оқу мәдениетін дәріптеуге, білімге құштарлықты арттыруға және қоғамда зияткерлік құндылықтарды нығайтуға бағытталған.
– Университет Ғылыми кітапханасында кітап оқудың маңызын насихаттау мақсатында ашылған «Зерделі ұлт» кітап бұрышы бар. Мұнда марафонның «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог» бағыттары бойынша ұсынылған кітаптар жинақталған. Оқырмандар өзіне қажетті шығармаларды ғылыми кітапхананың қорынан, ресми сайттан оқи алады. Мемлекет басшысы атап өткендей, оқитын ұлт қалыптастыру еліміздің болашағы үшін өте маңызды. Сондықтан әрбір адам жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға, елдің ертеңіне бейжай қарамауға тиіс деп есептеймін, – дейді Назерке Сәрсебай.
Бүгінде «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына республикамыз бойынша мектеп оқушылары, студенттер, педагогтар, отбасылар, еңбек ұжымдарының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері де қатысып жатыр. Шамамен олардың ұзын-саны 1,4 миллионнан асып жығылады. Барлық өңірде жобалық кеңселер құрылып, 345 әдеби шығармадан тұратын бірыңғай тізім әзірленген.
Сонымен қатар қатысушылардың пікір алмасуына арналған reading-nation.kz цифрлық платформасы жұмыс істейді. Платформада оқырмандар өздері оқыған кітаптар туралы пікірлерін жариялап, шығармалардың мазмұны мен маңызы жөніндегі ойларын ортаға сала алады.
«Abai University» медиа орталығы