22.10.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ 10 000 СТУДЕНТТІ ҚАМТИТЫН «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ ӨТЕДІ
Республика күніне байланысты Абай университетінде 2026 жылғы 27-30 қазан аралығында «Таза Қазақстан» экологиялық апталығы өтеді. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан республикалық акция аясындағы ауқымды іс-шараға университеттің 10 мың студенті қатысады.
Қоршаған ортаны қорғау, табиғат тазалығын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру апталығы – білім алушылардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру, табиғатты аялау мен айналаны таза ұстау мәдениетін қалыптастыруды мақсат етеді. Апталық барысында студенттер университет ғимараттары мен оларға іргелес аумақтарды абаттандыруға, тазалық жұмыстарын жүргізуге және экологиялық бастамаларды кеңінен насихаттауға атсалысады.
Он мың студентті ортақ мақсатқа жұмылдыратын бұл бастама – жай ғана тазалық шарасы емес. Ол студенттердің азаматтық белсенділігін күшейтіп, туған қала мен қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауына ықпал ететін маңызды тәрбие алаңы ретінде ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ экологиялық апталық жастар арасында табиғатқа ұқыпты қарау, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және қоршаған ортаға жауапкершілік таныту қағидаларын орнықтыруға бағытталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет» деген болатын. Абай университеті президенттің осы бастамасын қолдай отырып, экологиялық мәдениетті болашақ педагогтардың кәсіби және азаматтық жауапкершілігінің ажырамас бөлігі ретінде қарастырады. Өйткені, бүгінгі студент – ертеңгі ұстаз. Сондықтан олардың бойында табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру зор маңызға ие.
«Таза Қазақстан» экологиялық апталығы Абай университетінің 10 000 студентін игі іске біріктіріп, тазалық пен табиғатқа қамқорлықты күнделікті өмір салтына айналдыруға үндейді. Жастардың белсенді қатысуы жалпыұлттық бастаманың аясын кеңейтіп, экологиялық жауапкершілік мәдениетінің қоғамда орнығуына серпін бермек.
Республика күні мерекесіне орайластырылған апталық өз жұмысын 30 қазан күні қорытындылайды.
«Abai University» медиа орталығы