ӨНЕР ФАКУЛЬТЕТІНДЕ АМЕРИКАЛЫҚ ҒАЛЫМ ЭМБЕР УОРДТЫҢ ҒЫЛЫМИ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ САПАРЫ ӨТУДЕ

ӨНЕР ФАКУЛЬТЕТІНДЕ АМЕРИКАЛЫҚ ҒАЛЫМ ЭМБЕР УОРДТЫҢ ҒЫЛЫМИ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ САПАРЫ ӨТУДЕ

2026 жылғы 19 қазанда АҚШ-тың Флорида мемлекеттік университетінің (Florida State University) профессоры, PhD докторы Эмбер Уорд (Amber Ward) Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер факультетіне ғылыми-педагогикалық сапармен келді. 19 қарашаға дейін жоспарланған сапар халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға, көркем білім беру саласындағы тәжірибе алмасуға және білім алушылардың зерттеушілік әрі шығармашылық дағдыларын жетілдіруге бағытталған.

Сапар аясында ғалым студенттерге «Халықтық мектептердің бастаулары және «тірі сөз»: демократиялық қағидаттар мен бәсекелестіксіз оқытуға негізделген Дания және Америка халықтық мектептерінің тарихы» тақырыбында қонақ дәріс өткізді. Дәрісте халықтық мектептердің қалыптасуы мен дамуы, білім берудегі демократиялық құндылықтар, тұлғаның еркін дамуы және өзара қолдауға негізделген оқу ортасын қалыптастыру мәселелері қарастырылды. «Тірі сөз» ұғымы аясында оқытушы мен білім алушы арасындағы ашық диалогтің, ауызша пікір алмасудың және өмірлік тәжірибені бөлісудің педагогикалық маңызына назар аударылды.

Ғалымның сапар бағдарламасында көркем білім беру және сапалық зерттеу әдістері бойынша дәрістер мен практикалық сабақтар өткізу көзделген. Бұл бағыттағы жұмыстар өнерді оқыту тәжірибесін зерделеуге, шығармашылық үдерісті зерттеуге, білім алушылардың жеке тәжірибесі мен көзқарастарын түсінуге арналған. Сабақтар педагогикалық тәжірибе мен ғылыми ізденістің байланысын күшейтуге мүмкіндік береді.

Бағдарламаның шығармашылық бағыты «Woven Journeys» атты тоқыма тәжірибелеріне арналған шеберлік сабағын қамтиды. Оның аясында тоқыма материалдарының көркемдік мүмкіндіктерін таныстыру, материалмен жұмыс істеу арқылы шығармашылық ойлауды дамыту және жеке тәжірибені көркем бейнелеу тәсілдеріне назар аудару жоспарланған.

Сонымен қатар, Эмбер Уорд магистранттар мен докторанттарға ғылыми кеңес беріп, оқытушыларға арналған семинарлар өткізеді. Бұл кездесулер зерттеу тақырыптарын нақтылауға, әдіснамалық тәсілдерді талқылауға және көркем білім беру саласындағы ғылыми жұмыстарды жетілдіруге бағытталады. Сапар бағдарламасында өнер педагогикасы бойынша бірлескен ғылыми мақалалар дайындау жұмыстары да қарастырылған.

Аталған ғалым Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2026 жылғы 21 мамырдағы №242 бұйрығын іске асыру шеңберінде алыс шетелдің жетекші университеттерінен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне шақырылған шетелдік ғалымдардың бірі болып табылады.

Эмбер Уордтың Өнер факультетіндегі ғылыми-педагогикалық сапары студенттер мен оқытушылардың халықаралық тәжірибемен танысуына, ғылыми және шығармашылық байланыстарды кеңейтуіне мүмкіндік береді. Жоспарланған іс-шаралар көркем білім беру мазмұнын жетілдіруге және ұзақмерзімді академиялық серіктестікті дамытуға ықпал етеді.

 

 

 

 

Артқа қайту