21.10.2026
«МЕЙІРІМ» КЛУБЫ «ЖЫЛ ВОЛОНТЕРІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЫЙЛЫҒЫН ЖЕҢІП АЛДЫ
Республикамыз бойынша жүргізілген дауыс беру нәтижесінде Абай университетінің «Мейірім» еріктілер клубы «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының жеңімпазы атанды. Қайырымдылық пен мейірімділікті ту еткен жастар тағы да биіктен көрініп, үлкен жетістікке қол жеткізді.
Бұл халықаралық сыйлық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тағайындалған болатын. Ол әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар мәселелерді шешуге үлес қосқан еріктілер мен волонтерлік топтарды, отандық және халықаралық волонтерлік ұйымдарды ынталандыруды көздейді.
Aса тартысты өткен байқау 15 номинация бойынша жүргізілді. Оған Абай университетінде көптеген студент мүше болып кірген «Мейірім» клубы «Үздік волонтерлік ұйым» номинациясы бойынша қатысып, еліміздегі 36 ұйым арасынан топ жарып номинация иегері атанды. Онлайн дауыс беру 19-20 қазан аралығында өтіп, республика бойынша дауыс жиналып қолдау көрсетілді. Нәтижесінде біздің еріктілер қатысушылар арасында көп дауыс жинап, оқ бойы озық шықты.
«Мейірім» клубы құрылған күннен бастап жастардың басын біріктіріп, ізгілікті істердің ұйытқысы болып келеді. Еріктілер басын қосқан ұйымға педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гулбахира Ширинбаева жетекшілік етеді. Клуб мүшелері әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қайырымдылық акцияларын тұрақты түрде ұйымдастырып, түрлі экологиялық және әлеуметтік бастамалардың бел ортасында жүр.
Абай университеті – өнерлі де, парасатты белсенді жастарды тәрбиелеп шығаратын нағыз мәдениет пен білім ордасы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жарқын болашаққа құлаш ұрған жастар қайырымдылық жасауда әлі де көптеген шаралардың басы-қасынан табылуға жоспар құрып отыр.
«Abai University» медиа орталығы