ПСИХОЭМОЦИЯЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ: ЖАСТАР АШЫҚ БОЛУ КЕРЕК

ПСИХОЭМОЦИЯЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ: ЖАСТАР АШЫҚ БОЛУ КЕРЕК

Бүгін Абай университетінде «Студенттердің психоэмоциялық тұрақтылығы: стрессті басқару және дағдарыстық жағдайлардың алдын алу» тақырыбында профилактикалық семинар-тренинг өтті. Психологиялық семинар студенттер арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, психикалық денсаулықты сақтау мәселелеріне назар аудару, күйзеліс пен стресстік жағдайлардың бастапқы белгілерін ерте тану, эмоционалдық тұрақтылықты дамыту және қиын өмірлік жағдайларда уақытылы көмек сұрау мәдениетін нығайту мәселелерін қарастырды.

Жоғары оқу орнына түсу – әрбір жас үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды кезең. Әсіресе, өзге өңірлерден білім алуға келген студенттер жаңа ортаға бейімделу, оқу жүктемесінің артуы, қаржылық қиындықтар мен жақындарынан жырақта болу сияқты түрлі психологиялық сынақтарға тап болып жатады. Аталған факторлар кейбір жастардың эмоционалдық күйіне кері әсер етіп, алаңдаушылық, жалғыздық, өзіне деген сенімсіздік және жағымсыз ойлардың туындауына себеп болуы ықтимал. Мұндай жағдайда Абай университеті әрдайым қолдау көрсетеді.

Тренинг барысында студенттердің психоэмоциялық жағдайын түсіну, күнделікті өмірде кездесетін стресстік факторларды анықтау және оларды еңсерудің тиімді тәсілдерін меңгеру туралы айтылды. Сонымен қатар, ситуациялық сұрақтар қойылып қатысушылар жауап берді.

Философия докторы Нұрғайша Кудушева тізгіндеген жиынға тәуекел тобындағы студенттер де қатысты. Спикер барша жастарды ашық болуға, көмек сұраудан ұялмауға шақырды. Жиында білім алушыларға эмоционалдық күйзелістің алдын алу, қиындықтарға төзімділікті арттыру, өз сезімдері мен эмоцияларын түсіну және басқару дағдыларын дамыту жөнінде де ақпарат берілді.

Іс-шара студенттер арасында өзара қолдау көрсету, көмек сұрауға қатысты кедергілерді азайту және психологиялық қолдауға жүгінуді қалыпты тәжірибе ретінде қабылдау мәдениетін қалыптастыруға үйретті. Мұндай қадам психологиялық сауаттылықты арттырып, жастардың оқу үдерісіне бейімделуіне үлкен әсер етері анық.

Жиын соңында қатысушыларға Психологиялық қолдау қызметінің байланыс ақпараты қамтылған визиткалар таратылды. Аталған мәселе бойынша студенттерде қандай да бір сауал туындаса, кез-келген уақытта байланыс орнатуға болады.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Психологиялық қолдау қызметі студенттердің психологиялық саулығын нығайту, суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, психологиялық қиындықтарды ерте анықтау және қауіпсіз, қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырады.

Айта кетейік, Психологиялық қолдау қызметі мамандарының сөзінше, 2026 жылдың басынан бері 207 студент арнайы кеңес алған. Сәйкесінше, маман консультацияна жүгінген жастардың мәселесі өз шешімін тапқан.

«Abai University» медиа орталығы

Артқа қайту