21.10.2026
ӘДЕМІ МАҚСАТ – «VICE MISS ALMATY 2026» АТАҒЫНЫНЫҢ ИЕГЕРІ
Жағымды жаңалықтар толастамайтын Абай университеті бұл күндері тағы бір мәрте мақтаныш пен қуаныш құшағында. Мәдени дамудың даңғыл жолына түсіп, өрелі істерімен озық көрініп жүрген білім ордасының қоржыны кезекті жеңіспен толықты. Бұл жолы студентіміз Әдемі Мақсат сұлулық пен ізгіліктің, өнер мен біліктіліктің үйлесімін көрсетіп, Алматының таңдаулы сұлу қыздарының арасынан биік белесті бағындырды.
Абай университетінің екінші курс студенті Әдемі Асқатқызы «Miss Almaty – 2026» байқауының үздіктер қатарынан көрінді. Алматы қаласы бойынша өнер, әдемілік пен парасаттылықты таразылаған өңірдегі ең басты сұлулық сайысында студентіміз Топ-6 үздік арулар қатарына еніп, «Vice Miss Almaty – 2026» атағын жеңіп алды.
Бұл бастапқыда 700-ден астам үміткер бағын сынаған, бес ай бойы тартысты да дайындығы мол төрт кезеңнен тұрған ауқымды жоба болды. Осыншама сұлу қыздардың ішінде өткен іріктеуден сүрінбей өтіп, 13 финалистің ішіне енген шәкіртіміз сахнада тек сұлулығымен емес, сонымен бірге өзінің тапқырлығымен, интеллектуалдық өресімен және сахналық мәдениетімен қазылар алқасының әрі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
– Бұл байқау мен үшін үлкен тәжірибе болды. Жаңа таныстық, жаңа орта, жаңа эмоциялар. Біз финалға төрт жарым ай бойы дайындалдық. Осы уақыт аралығында мен шыдамдылықты, жауапкершілікті сезінуді үйрендім. Өзімнің жаңа қырларымды аштым, – дейді ақылына көркі сай Әдемі.
Конкурсанттың пікірінше, заманауи қазақ қызының бойында ең бірінші еңбекқорлық, білімділік, пысықтық, «мақсатқа жетпей қоймаймын» деген іштегі ерік-жігер, сонымен қатар жан сұлулығымен сыртқы сұлулықты ұштастыра білу және сенімділік қасиеттері болу керек.
Әдемі Асқатқызының модельдік салада жүргеніне биыл екінші жыл. Ол осыған дейін «Face of Kazakstan» байқауының финалисті атанған. Қазіргі таңда Абай университетінде «Логопед» мамандығында білім алып жатыр.
«Abai University» медиа орталығы