21.10.2026
АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ХОРВАТТЫҚ СТУДЕНТТЕР ДӘРІС ТЫҢДАП ЖҮР
«Erasmus+» бағдарламасы аясында Хорватияның Задар университетінен келген білім алушылар қара шаңырақта академиялық тағылымдамадан өтіп жатыр. Халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша университетке алты магистрант, екі бакалавр, бір докторант және бір профессор келді.
Тағылымдама 17 қазан мен 1 қараша аралығын қамтиды. Ұтқырлық бағдарлама жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, білім беру және ғылыми тәжірибені жетілдіруді, Қазақстан мен Хорватия арасындағы мәдени байланыстарды дамытуды мақсат етеді.
Задар университетінен келген білім алушылар Филология факультетінің Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасында кәсіби білімдерін жетілдіріп, тілдік және коммуникативтік дағдыларын арттыруды көздейді. Бағдарлама аясында олар университеттің білім беру және ғылыми-зерттеу бағыттарымен танысып, сабақтарға және академиялық іс-шараларға қатысып жүр. Халықаралық академиялық ортада теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алып отыр.
Тағылымдама аясында Задар университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Рафаэла Божич Абай университетінің магистранттары мен оқытушы-профессорлар құрамының алдында «Орыс әдебиетіндегі антиутопия жанрының мәселелері» тақырыбында дәріс оқыды. Ғалым дәріс барысында антиутопия жанрының қалыптасуы мен даму тарихына, оның тарихи-мәдени негіздеріне және орыс әдебиетіндегі көрінісіне тоқталды. Сондай-ақ антиутопиялық шығармалардың идеялық-көркемдік ерекшеліктерін, әлеуметтік құбылыстар мен қоғамдық қайшылықтарды бейнелеу тәсілдерін талдады.
Антиутопия – қоғам дамуындағы қайшылықтарды, адам еркіндігіне төнетін қауіптерді және әлеуметтік өзгерістердің ықтимал салдарын көркемдік тұрғыдан бейнелейтін әдеби жанр. Мұндай шығармаларды зерттеу қоғамдық үдерістерді, адам санасындағы өзгерістерді және әдебиеттің әлеуметтік құбылыстарды таныту мүмкіндіктерін тереңірек түсінуге жол ашады. Дәріс соңында тыңдаушылар ғалымға сұрақтарын қойып, тақырып төңірегінде пікір алмасты.
Тағылымдама кезінде хорваттық білім алушыларға Қазақстанның тарихы, ұлттық құндылықтары, салт-дәстүрлері мен қазіргі мәдени өмірі туралы кең мағлұмат ұсынылады. Бұл олардың қазақ халқының рухани мұрасымен жақынырақ танысуына және мәдениетаралық түсіністікті нығайтуына ықпал етеді.
«Erasmus+» бағдарламасы жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікті дамытуға, студенттер мен оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға, ғылыми ізденістерін қолдауға және бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Задар университеті өкілдерінің Абай университетіндегі академиялық тағылымдамасы Қазақстан мен Хорватия арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, халықаралық әріптестікті нығайтуға үлес қосарына сенім мол.
«Abai University» медиа орталығы