20.10.2026
«ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ – ҰЛЫ ПАРЫЗ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ
Бүгін Абай университетінде өмір жолын білім мен ғылымға арнап, ұрпақ тәрбиесі мен отандық педагогиканың дамуына елеулі қосқан ұстаздардың еңбегін дәріптеуге арналған «Ұстазға құрмет – ұлы парыз» атты мерекелік шара өтті. Тәрбиелік мәні зор басқосу еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетуге, олардың кәсіби жолын кейінгі буынға үлгі етуге және ұстаздық мамандықтың қоғамдағы маңызын айшықтауға арналды.
Бірінші қазаннан бері елімізде Халықаралық қарттар күніне байланысты айлық жүріп жатқаны белгілі. Осыған байланысты бүгін Абай университеті қасиетті қара шаңырақтың өсіп-өркендеуі жолында бар саналы ғұмырларын арнаған аға буын өкілдері мен ардагерлеріне құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады.
Шараны ашқан Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілеп бүгінгі жиынның мән-маңызына тоқталып, қазіргі университеттің даму стратегиясы жөнінде ақпарат берді. Академиялық және ұйымдастырушылық бағыттардағы атқарылған қызметтер, ғылыми-зерттеу жұмыстарының дамуы мен бағыт-бағдары туралы баяндаған Болат Анапияұлы, жаңа заман талабы қойып отырған міндеттер мен педагогика ғылымының жасанды интеллект дәуіріндегі тәуекелдерге жауап беру трансформациясына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар университеттің аға буын өкілдеріне білім беру мен ғылымды дамыту жолындағы көпжылдық еңбектері үшін алғыс білдіріп, олардың отандық педагогика саласының қалыптасуы мен өркендеуіне қосқан үлестерін ерекше атап өтті.
– Қазақ халқында «қариясын сыйламаған елдің өткені – жетім, бүгіні – тұл, болашағы – бос» деген сөз бар. Біздің еліміздегі қазыналы аға буынға арнап осындай бір ай бойы ілтипат көрсетуді ұйымдастырудың өзі – мемлекеттің сіздерге деген құрметі. Өйткені, біздің жеткен әрбір жетістігімізде сіздердің еңбектеріңіз бен үлестеріңіз бар, – деді Болат Анапияұлы.
Одан кейін сөз алған университеттің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Берікжан Айтқұлұлы да құттықтау сөз сөйлеп, ұстаздық еңбектің қадір-қасиеті мен аға буынның кейінгі ұрпаққа берер өнегесі жайлы өз тебіренісін жеткізді.
Мерекелік кештің ресми бөлімінде университеттің дамуы мен білім беру ісіне және жас ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосқан бірқатар ардагер-педагог Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-Ректорының алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, университеттің Кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхтар Ботабайұлы түрлі сыйлықтар табыстады.
Мерекелік кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Университет студенттерінен құралған «A Blues Band» тобы, Жайдарман құрамасы және қазақ эстрадасының жұлдызы Бағлан Әбдірайымов жиналған қауымға тамаша көңіл-күй тарту етті.
«Abai University» медиа орталығы