20.10.2026
САНЖАР АСФЕНДИЯРОВ РУХЫНА ТАҒЗЫМ ЕТТІ
Бүгін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазіргі Абай университетінің тұңғыш ректоры болған Санжар Асфендияровтың туған күні. Айтулы күнге орай Алматы облысы Жаңалық ауылында орналасқан пантеондағы біртуар перзентіміздің басына тағзым ету және гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Шараға Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілеп пен С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің басшысы Марат Шоранов бастаған зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен студенттер қатысты.
Салиқалы жиынның мақсаты – алып тұлғаның жарқын бейнесін ұлықтап, оның ел тарихы мен ғылым және білім саласының дамуына қосқан өлшеусіз үлесін дәріптеу. Сондай-ақ қайраткердің өнегелі өмір жолы мен тарихи мұрасын жас ұрпаққа таныстырып, олардың бойында отансүйгіштік, ұлттық құндылықтарға құрмет сезімін қалыптастыру көзделді. Тағылымды шара барысында ұлт зиялысының ағартушылық қызметі мен отандық жоғары білім беру жүйесінің қалыптасуындағы тарихи рөліне ерекше мән берілді. Бұл бастама тарихи тұлғалардың есімін ұлықтауға, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және ұлттық рухани мұраны сақтауға бағытталған игі іс.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілеп қара шаңырақ тарихының бастауында тұрған тұлға туралы сыр шертті.
– Санжар Асфендияров қазіргі таңда әлемдік жоғары оқу орындарының рейтингінде лайықты орны бар екі ұлттық университеттің негізін қалаған тұлға. Біртуар перзентіміздің асқақ аты мен тұлғасы, атқарған қызметі мен сіңірген еңбегі ешқаан ұмытылмайды. Көзі тірісінде «Халыққа кемел заман қашан туады? Қоғамда тек білімділер көп болған кезде ғана туады» деген екен. Мұндай Алай қайраткерлерінің есімі кейінгі ұрпаққа өнеге болып қалуы керек. Біздің бүгінгі мақсатымыз да осы, – деді Болат Анапияұлы.
Тағзым ету шарасында сөйлеген С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Басқарма төрағасы-Ректор Марат Шоранов та тебіреністі сөзін жеткізіп, Абай унверситетінің тұңғыш басшысы болған Санжар Асфендияровтың еліміздегі жоғары білім саласына сіңірген еңбегіне тоқталды.
Айта кетейік, Санжар Асфендияров – Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық университетінің алғашқы ректоры. 1928 жылы білім ордасының құрылуына атсалысып, 1929-1931 жылдары басшылық етті. Алғашқы жоғары оқу орнын ашуға, оны қалыптастыруға зор еңбек сіңірген тұңғыш ректор Санжар Асфендияров есімін ерекше ілтипатпен атаған жөн. Оның қастерлі есімі оқу орнының тарихында алтын әріптермен жазылған. Араб, парсы, ағылшын, француз тілдерін жетік меңгерген, қала берді оқу-ағарту ісінің қайраткері, дарынды ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Санжар Асфендияров университеттің ұйымдастырушылық жұмысын жан аямай атқарып, алғашқы студенттерді қабылдауға өзі үлес қосқан. Сонымен қатар, оқу орнының оқу-материалдық базасын қалыптастыруға, оны оқулықпен, оқытушылармен қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосқан тұлға.
«Abai University» медиа орталығы