20.10.2026
ИТАЛИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТЕРМЕН АКАДЕМИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК АРТА ТҮСТІ
Абай университетінде Италияның Габриэле д’Аннунцио университеті өкілдері қонақта болып, екіжақты халықаралық кездесу өтті. Оның басты мақсаты – екі жоғары оқу орны арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейтіп, бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға жол ашу.
Италияның Габриэле д’Аннунцио университетінен кездесуге ректордың студенттерді қабылдау мәселелері жөніндегі өкілі Энрикета Анна Соччо, Erasmus+ бағдарламасы мен INGENIUM альянсына жауапты Марчелло Константини және Erasmus+ KA171 ICM жобаларының үйлестірушісі Ана Барган арнайы келді. Абай университеті атынан қонақтарды Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректор Айгүл Искакова, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Баян Сапарғалиева және Сорбонна-Қазақстан институтының директоры Айнұр Сабитова қарсы алды.
Келіссөз барысында тараптар білім беру мен ғылыми зерттеулер саласындағы байланыстарды тереңдету, академиялық ұтқырлық мүмкіндіктерін кеңейту және халықаралық тәжірибе алмасуды жандандыру мәселелерін талқылады. Әсіресе студенттер мен оқытушы-профессорлар құрамының өзара тағылымдамадан өтуіне, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және бірлескен ғылыми жобаларды дамытуға басымдық берілді.
Қазіргі жаһандану жағдайында жоғары оқу орындарының халықаралық байланысын нығайту білім сапасын арттырудың маңызды тетігіне айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Абай университеті және Габриэле д’Аннунцио университеті арасындағы серіктестік студенттер мен жас зерттеушілерге жаңа академиялық мүмкіндіктер бермек.
Кездесуде қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу, халықаралық стандарттарға сай оқу курстарын қалыптастыру және бірлескен зерттеулердің ауқымын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар Erasmus+ бағдарламасы аясындағы академиялық алмасу тетіктерін тиімді пайдалану және халықаралық білім беру жобаларына қатысу мәселелері қарастырылды. Бұл бастамалар екі университеттің білім беру тәжірибесін ұштастырып қана қоймай, оқытушылар мен студенттердің кәсіби және ғылыми әлеуетін дамытуға ықпал етпек.
Тараптар білім беру, ғылым және академиялық алмасу салаларындағы серіктестікті жүйелі түрде дамытуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделілік танытты.
«Abai University» медиа орталығы